Оңтүстік Қазақстан облысында шетелдіктер асырап алсын деген мақсатпен жетім балаларға ауыр диагноздар қойылған – прокуратура

«Тексеру барысында 2012-2013 жылдары шетел азаматтары асырап алған 183 баланың 176-сына әртүрлі диагноз қойылған. Оның ішінде 62 балаға ауыр сырқатқа шалдықты деген диагноз қойылыпты», - деп жұма күнгі баспасөз мәслихатында облыстық прокуратураның әлеуметтік-экономикалық салада заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Роман Беріков мәлім етті.

Оның айтуынша, әдетте ондай сырқатқа шалдыққан балалар мүгедек ретінде топтарға енгізілуі тиіс. Алайда, олар ешқандай медициналық-әлеуметтік сараптамадан өткізілмеген.

Тексере келе, көбіне ақырғы диагноздың ешбір сараптама жасамастан, дәрігерлердің бастапқы тексерулері нәтижесінде қойыла салатынын белгілі болды.


«Соған байланысты Қазақстан азаматтары ондай балаларды бауырына басудан бас тартады», - деді Р.Беріков.

Мәселен, Шымкент сотының шешімімен «балалардың церебральді сал ауруы, спастикалық тетрапарез, аралас гидроцефалия, нейрогуморальды иммун тапшылығы, дистрофия және рахит» деген диагноз қойылған қыз баланы АҚШ азаматтары асырап алған.

Бірақ, асырауға берілгеннен кейінгі өмірі жайлы есепте қыз баланың «денсаулығының жақсы» екені атап көрсетілген.