Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқыны салдарын жоюға 500 млн теңге бөлінді - премьер

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, мен осында келерімнің алдында үкімет резервінен осы тасқынның салдарын жою үшін 500 млн теңге бөлу туралы жарлыққа қол қойдым", - деді премьер-министр Кәрім Мәсімов облыс әкімшілігінде болған жиналыста.

Сонымен бірге, төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Сарыағаш ауданының тұрғындарына көмектесу үшін Шымкентте төтенше жағдайлардың, өртке қарсы күрес қызметінің және әскерилердің күштері жұмылдырылып жатқанын хабарлады.

"Шымкент гарнизоны мен өрт қызметінің 100 адамы қазір Сарыағашта. Тағы 150 адам су астында қалған және қираудың аз-ақ алдында тұрған үйлерден халықты алып кету үшін Сарыағашқа жөнелтілуде", - деді ол жиналыс барысында.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысында нөсер жаңбыр мен қар еруінің нәтижесінде Сарыағаш, Отырар және Арыс аудандарының 3 мыңнан астам тұрғын үйін су басқан. Тасқын кезінде шамамен 400 бас мал шығын болған.