"Жасыратын түгі жоқ : жағдай ауыр. Біздің билігімізде небәрі 20-25 күн ғана бар. Біз осы мерзімде толық дайындалып үлгеруге тиіспіз", - деді кеңесте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің директоры Уәлихан Ережепов.
Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің директорының орынбасары Кәрімберді Балтабаев өз баяндамасында : "биылғы мұзатқы Шардара ауданы Қазақстан елдімекенінің маңынан, Шардара су қоймасынан 60 шақырым жерден басталады. Өзенннің кейбір жерлерінде 1 шақырымға дейін ашық тұстар бар. Мұздың қалыңдығы 30-40 сантиметрге жетеді, мұндай қалың мұз өткен ғасырдың 60-шы жалдарынан бері байқалмаған",- деді.
Сырдарияда үш бақылау бекеті ашылған.
"Бірінші бекет - Маяқұм елдімекенінің маңында, екіншісі - Балтакөл елдімекенінің маңында. Бекеттерге өрт сөндіру бөлімшелері тартылған. Үшінші бекет Арыс өзенінің деңгейін бақылау үшін Шәуілдір ауылында ашылды. Отырар ауданы мен Түркістан өрт сөндіру бөлімшелерінің жетекшілері аптасына екі мәрте осы бекеттерден алынған мәліметтерді келтіреді", - деді К. Балтабаев.
Бекеттегілердің мәліметінше, кей жерлерде өзен суы 50 сантиметрге көтерілді. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар жүргізілуде: арнаулы топтар ескі бөгеттерді жөндеп, ауыл тұрғындары арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Кеңесте төтенше жағдай бола қалған күнде оның зардаптарын жоюға барлық департаметтер түгелімен жұмылдырылатындығы айтылды. Наурызға дейін әрбір мекемеде мобилизациялық жұмыстарға қатысатын қызметкерлердің топтары бекітіледі.