Баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, 23-тамызда ҰҚКД-нің қызметкерлері Сайрам ауданының әділет басқармасының маманын ұстады. Ол "Қорғас Т.С.Р" ЖШС заңды тұлғасын жедел тіркеу мен рәсімдеу үшін 10 мың теңге талап еткен. Шенеунік пара алып жатқан сәтте өзінің жұмыс бөлмесінде құрықталды. Оның үстінен ҚР қылмыстық кодексінің "пара алу" жөніндегі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол ҰҚКД-нің уақытша тергеу абақтысына қамалды.
ҰҚКД-нің қызметкерлері сол күні заңды және жеке тұлғалардың көлік салығын төлегендігі жөніндегі жалған құжаттарды жасап сатумен шұғылданған қылмыстық топтың үш мүшесін құрықтады. Ұсталған бір адамның үйінен тінту кезінде көлік салығын төлеу жөніндегі жасанды түбіртектерді жасауға арналған техникалық жабдықтар табылды. Сонымен бірге оның компьютерінен елтаңбалы мөрлер, нотариаттың сенім қағазының үлгілері мен олардың мәтіндері шықты.
Жалған құжаттар жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.