Оңтүстік Қазақстан облысында жанар-жағармайдың бағасы маусымға сай арзандатыла бастады

"Қазір көлік құралдарының қозғалыс қарқындылығы екі есе азайды. Осыған сәйкес ірі компаниялар өздерінің көтерме саудадағы бағасын төмендете бастады",- деді Оңтүстік Қазақстан облыстық жанармай тарату бекеттері қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров. Оның айтуынша, "PetroKazakhstan Oil Products" ЖШС-нің өнім босату торабында АИ-80 маркалы жанармайдың көтерме бағасы бір айда тоннасына 580 -нен 488 долларға дейін, яғни, шамамен 100 долларға төмендеді. "Бұл өнім сатылмай, баға арзандай бастағанын білдіреді",- деді Қ.Қамбаров.

Облыстық жанармай тарату бекеттері қауымдастығы басшылығының мәліметінше, басқа компаниялар да бағаны арзандата бастады. Қ.Қамбаровтың айтуынша, облыстағы жанармай тарату бекеттеріндегі жанар-жағармай құны қараша айымен салыстырғанда 5-6 теңгеге төмендеді. Қазір АИ-80 маркалы жанармайын 54-56 теңгеге, АИ-92 -ні 74-76 теңгеге, ал АИ-96 -ны 80 теңгеге сатып алуға болады. Осыдан бір ай бұрынғы дизельдік отын тапшылығы да қазір байқалмайды.

Облыстық жанармай тарату бекеттері қауымдастығы мүшелерінің пікірінше, жанар-жағармай бағасы келесі жылдың бастапқы айлары мен көктемгі тұқым себу науқанына дейін осы деңгейде қалады.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті