Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің бөлім бастығына қатысты қылмыстық іс тергелуде

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, қаржы полициясына облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің басшылығының заңсыз іс-әрекеттері жөнінде арыздарын жазып, Шымкенттің және Төле би ауданының зағип жандар қоғамының мүгедектері шағымданған. Қаржы полициясы қызметкерлерінің тексерулерінің барысында департамент директоры мен "Агила" ЖШС арасында сурдожабдықтар мен тифлотехникалық құралдарды жеткізу жөнінде келісім жасалғаны белгілі болды. Алайда, "Агила" ЖШС жалпы сомасы 9 млн теңгенің қаражатына "Техсун" тифлорадиоқабылдағыштарының, "Панасоник" тифлоплеерлерінің орнына "Тохи" радиоқабылдағыштарын, "Маргаунт" плеерлерін және тағы да басқа құралдарды сатып алған. Сараптама қорытындысы бойынша сатып алынған құралдар мүгедектердің пайдалануына жарамсыз деп танылған.

Әлеуметтік мекемелердің жұмыспен қамтуды үйлестіру бөлімінің бастығы лауазымды тұлға болып тұра, қызмет мүддесіне қайшы болса да жоғарыда көрсетілген тифло, сурдоқұралдарды қабылдау-тапсыру актісінсіз қабылдап алған.

51 жастағы шенеуніктің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабының 2-тармағы (Лауазымын асыра пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғалды.