Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір түрмеде жазасын өтеуші өзін-өзі өлтірді

35 жастағы еркектің мәйіті өткен аптада табылды. "Таңертеңгі 8 сағат 10 минутта оны шатырда асулы тұрған жерінен тауып алған. Оқиға орны мен мәйітке жасалған тексерулер оның өзін-өзі өлтіргенін көрсетті",- деді Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық басқармасы бастығының орынбасары Сейітхан Сүгіров.

Қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 3,5 жылға сотталған еркек жаза мерзімінің жартысын өтеген. "Ол қоныс-түрмеге ауыстырылуға тиіс болатын. Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің облыстық басқармасының комиссиясы материалдарды қарап, сотқа тапсыруға дайындап жатқан болатын",- деді басқарма бастығының орынбасары.

С.Сүгіровтың айтуынша, осы оқиғадан бірнеше күн бұрын жазасын өтеушімен кездесуге оның ағасы мен қарындасы келген. Осыдан кейін оның мінез-құлқы өзгеріп кеткен. "Ол жалпы алғанда тұйық, түнерген адам болған",- дейді басқарма қызметкері.

Бұл Оңтүстік Қазақстан облысындағы түрмелерде болған үшінші өзін-өзі өлтіру оқиғасы. Мамыр айында ИЧ 167/3 түрмесінде 20 жастағы жазасын өтеуші жарық түсіретін мұнарадан секіріп өлген. Тағы бір тұтқын ИЧ 167/9 абақтысында өзінің өмірін қиды.

С.Сүгіровтың мәліметтеріне сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысындағы түзету мекемелерінде 3 мыңдай адам жазасын өтеуде.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті