Бұл туралы Сайрам ауданының әкімі Уәлихан Қайназаров мәлім етті.
«Біздің білуімізше, осыдан екі күн бұрын Қарамұртта мынадай оқиға болған: Төлеби ауданының Мадани ауылынан келген екі бала сатушымен сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласқан. Араға екі күн салып жаппай төбелес туындап отыр», - деді ол.
Әкімнің айтуынша, көрші ауылдан келген 50 шақты жас жігіт бес-он минут ішінде 17 көлік пен 8 сауда нүктесінің күлін көкке ұшырыпты.
«Мен Мадани ауылына барып қайттым. Ауыл ақсақалдарымен сөйлесіп, жағдайды түсіндірдім. Бүгін олар жиналып, ақылдасады. Ертең таңғы сағат онда ауыл адамдары Қарамұрт әкімдігіне келіп, жергілікті халықпен кездеседі», - деді У.Қайназаров.
«Жалпы, Мадаин ауылының тұрғындары қайда барса да Қарамұрттың үстінен өтеді. Қарым-қатынасымыз жап-жақсы болатын. Мен бүгін ақсақалдармен сөйлескенде олардың өздері де аң-таң болды», - дейді аудандық әкімшілік басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, қазір аталған оқиғаға қатысы бар деген күдікпен бес адам құрықталды.
Бұған дейін хабарланғандай, сәрсенбі күнгі төбелес кезінде зардап шеккен төрт адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Қарамұрт ауылында комендант сағаты жарияланды.