Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі ерлігімен көзге түскен шекарашыларды марапаттады

Сапар мақсаты - шекарашылардың қызмет және тұрмыс ахуалымен танысып, адал қызмет етуші жауынгерлерді марапаттау болатын.

Оңтүстік Қазақстан облысының аумағы арқылы өтетін Қазақ-Өзбек мемлекеттік шекарасының 700 шақырымдық бөлігінде 22 шекаралық бекет бар.
Б.Жылқышиев пен А.Берекешев "Орынбай", "Найман -Бұхарбай" және "Бимырза" бекеттерінде болды . Олар жауынгерлер құрамына отан алдындағы борышын риясыз өтеп жатқаны үшін ризашылық білдіре отырып мерекесімен құттықтап, облыс атынан құрмет куәліктерімен және арнаулы сыйлықтармен марапаттады.
"Сарыағаш" шекаралық бөлімінің командирі Дархан Дильмановтың пайымдауынша, оңтүстік шекарада қызмет етудің бір қиындығы сонда, мұнда күн райы мен тұрмыстық ахуалдың қиындығымен қоса демаркациялық сызықтың белгіленбеуі де тауқымет тудырып отыр. Кейбір жағдайда тіпті адамның мемлекеттік шекара бұзғанын дәлелдеудің өзі қиын. Қыркүйек айында басталатын шекара сызығына бағандар орнату шекарадан өтетін азаматтар мен шекарашылар үшін шиеленісті жағдайларды азайтып, бағдарды адаспай табуға мүмкіндік жасағалы отыр.