"Біз бірінші жер телімдерін өз беттерімен қайтаруды сұраймыз. Егер кәсіпкерлер қандайбір ақша төлеген болса, онда оны біз бюджеттен қайтарамыз", - деп мәлімдеді облыс әкімі Н. Әшімов дүйсенбіде қаладағы саябақтарға жүргізілген рейд барысында. "Ал заңсыз жекешелендіріліп алынған жерлерді біз заңға сәйкес сот арқылы қайтарып аламыз", - деді ол.
Н. Әшімов саябақтағы аумақтарды жалға алушылар мен иелік етушілердің тізімі БАҚ-тарда жарияланады деп уәде берді.
Саябақтарды қаланың меншігіне қайтару науқаны өткен жылдың аяғында, облыс әкімі қызметіне Өмірзақ Шүкеев келгеннен кейін басталған. Сол кезде алғаш рет саябақтардың жеке меншікке берілгендігі туралы мәліметтер таратылған. Қала әкімінің бұрынғы орынбасары Әбдімүтәліп Көбеев ағымдағы жылдың қаңтар айының аяғында : "қалада сегіз саябақ бар. 72 гектарды құрайтын саябақ аумақтары 112 жер пайдаланушыға таратылған. Мәселен, Абай саябағы бойынша 2002 жылы 40 гектардан 35 гектар аумақ әкімнің шешіміне сәйкес таратылған", деп хабарлаған.
Ал кешегі рейд нәтижесі көрсеткендей, жыл басынан бері Шымкентте ештеңе өзгермеген. Қалалық әкімшілік саябақтардағы жер телімдерін таратуды тоқтатқанымен, бұған дейін жеке меншікке өтіп кеткен бірде-бір жер телімі қоғамдық меншікке қайтарылмаған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті