Оңтүстік Қазақстан облысының аудандық басшылығында бірқатар кадр өзгертулері жасалды

Отырар ауданының әкімі Шалатай Мырзахметов сайлау нәтижесінде облыстық мәслихаттың хатшысы қызметін иемденді. Оның орнына соңғы 4 жыл бойы Сайрам ауданын басқарған Қуаныш Айтақынов әкім болып бекітілді.

Сайрам ауданының әкімі болып бұған дейін Түркістан қаласының әкімшілігін басқарған Өмірзақ Әметұлы тағайындалды. Түркістан қаласы әкімінің міндетін бірінші орынбасар Әбдісамат Ниязов уақытша атқаруда.
Таяуда Кентау қаласы әкімшілігінің басшылығы өзгертілген болатын. Бұрынғы әкім Бегімше Жүзенов басқа жұмысқа ауысуына байланысты жұмыстан шығып, оның орнына мемлекеттік қызмет істері жөніндегі ҚР агенттігінің облыстық басқармасының бастығы болған жас басшы Әлишер Пірметов тағайындалды.
Облыс басшылығы мұндай кадр алмастыру шарасының себептері туралы түсініктеме берген жоқ. Б.Жылқышиев тек "қазіргі таңда Сайрам ауданына ықпалды басшы қажет" дегенді ғана атап көрсетті. Өмірзақ Әметұлы облыстағы ең тәжірибелі басшылардың біріне саналады. Оның тікелей басшылығымен Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы мен Дүниежүзі қазақтарының 2-құрылтайы және басқа да шаралар өткізілді.