Н. Пірманов 2008 жылы мемлекеттік субсидия көлеміне өткен жылмен салыстырғанда 277 млн теңге қосылғанын атап көрсетті. Былтыр ауыл шаруашылығы өндірушілері мемлекеттен 2 млрд 500 млн теңге алған.
Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, субсидияның ең үлкен көлемі көктемгі тұқым себу мен жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштардың бағасын арзандатуға 1 млрд 488 млн теңге бөлінген. Қазір көктемгі тұқым себу мен жиын-терім жұмыстарын жүргізуге жанар-жағармайдың көлемі анықталған. Ол өткен жылғыдай 69 мың тоннаны құрамақ.
Көктемде жер ору, ауылшаруашылығы дақылдарын егу жұмыстарына облыс шаруалары 28 мың тонна жанар-жағармай өнімдерін алады. Мақта егуге гектарына 200 кг, ал астыққа гектарына 100 кг солярка деп есептелінген.
Мал шаруашылығы екі бағдарлама бойынша мемлекеттен көмек алады. Асыл тұқымды мал төлінің құнын арзандату үшін 193 млн теңге; өнімнің көлемі мен сапасын арттыруға 80 млн 291 мың теңге қарастырылған. Үстіміздегі жылы мал шаруашылығының өнімнің көлемі мен сапасын арттыру бағдарламасы оған сүт пен қой етін өндіруге субсидия бөлу есебінен ұлғайды.
Асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуын сондай-ақ, облыстық бюджет те 60 млн теңге көлемінде қаржыландырып отыр.
Тұқым шаруашылығының өнімдерін жақсарту үшін 2008 жылы мемлекет элиталық тұқым дайындайтын шаруашылықтарға және арнайы шаруашылықтарға саланы дамытуға 59 млн теңге бөліп отыр.
Көп жылғы жеміс дақылдары мен жүзім егу және өсірумен айналысатындарды да қолдау жұмыстары жалғасын табады. Осы мақсатқа Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары 438 млн теңге алады.
Тауар өндірушілерге егін суаратын су жеткізу қызметіне бөлінетін субсидия көлемі 199 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ, облыстың ауыл шаруашылығындағы басқа да бірқатар бағдарламалар қаржыландырылатын болады.