Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығы шекаралық ауыл тұрғындарының әлеуметтік тауқыметтерін шешуге бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті

Жоспарды облыстық мобилизациялық жұмыстар, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар департаменті Сарыағаш аудандық әкімшілігімен бірлесе дайындады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс әкімі Болат Жылқышиев жауапты адамдарға ауылдарды электр қуаты, ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстарын бастауға арналған жобалық құжаттарды тездете дайындауға тапсырма берді. Алдын-ала бағалауға сәйкес, осындай барлық шараларға түрлі көздерден 1 млрд. 320 млн. теңгеден кем емес қаражат жұмсалады деп күтілуде.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, облыс әкімі осы мәселе бойынша айына екі мәрте кеңес өткізіп тұруға шешім шығарды. Жоспарды жүзеге асыруға қатысты жауапкершілік Сарыағаш ауданының әкімі Жамбыл Байғонов пен облыстық мобилизациялық жұмыстар, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар департаментінің директоры Шәймерден Сатымбековке жүктелді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұған дейін электр қуаты мен ауыз суды Өзбекстаннан алып келген шекаралық елдімекендердің тұрғындары екі айдан бері олардан қағылып отыр. Сонымен бірге кейбір ауылдардың балалары шекарадан заңсыз өтіп, өзбек мектебіне баруға мәжбүр.