Оңтүстік Қазақстанда дәрігерлер наразылық білдіруде

Мырзакенттік дәрігерлердің қолдарына плакат алып шығуына бас есепшісің есер қылығы себеп болыпты. Ақ халаттылар енді жаппай оны орнынан алуды талап етуде. Айтуларынша, бас есепші 300-ге тарта қызметкері бар мекемені меншіктеп алған. Әріптестерінің бір күндік еңбегін сұраусыз жинап, дәрігерлердің өзге ақысын да қарпып қалуды әдетке айналдырыпты.

Орынкүл Адырбекова, Мырзакент емханасының дәрігері:

- Біздің іссапар ақымыз өте төменгі пайызбен төленеді.  Басқа біздегі елді-мекендерде Жетісайда, Мырзакент ауруханасында жоғары бағамен төленеді.

Жұртты кез-келген уақытта құзырына шақыратын есепшінің өзі аптасына бірнеше күн ғана емханаға бас сұғады екен. Есесіне, дәрігерлерді демалыс күндері жұмысқа жегіп, оның да ақшасын төлемейтін көрінеді. Тіпті, емханаға бөлінген дәрі-дәрмекті пайдалануға берілді деп сызғызып тастап, белгісіз жаққа жұмсап отырған.

Сарқыт Мәуленова, Мырзакент емханасының лаборанты:

- 1500 қолғап керек болатын болса, ол бізге 500 қолғап береді да, осымен қабылдаңдар,  жеткізсеңдер жеткізіңдер, жеткізбесеңдер жеткізбеңдер дейді. Біз сарыаурумен жұмыс істейміз, алдымызға СПИД те келеді. Барлық жұқпалы аурулар біздің алдымызда. Қалғанын бір қолымызға киіп, бір қолымызға кимей істейміз.

Дәрігерлер шу көтермей сөзбен-ақ шешкісі келіпті. Бірақ бас есепші Қаламқас Өмірбекова дөрекі сөйлеп, тіпті дәрігерлерге ақ халатпен алдына кіруге тыйым салған. Енді амалсыз дәрігерлер не бас есепші кетеді, не біз біржола жұмыстан шығамыз деген үзілді-кесілді талап қойып отыр.


Қаламқас Өмірбекова, Мырзакент емханасының бас есепшісі:

- Бұл кісілердің шағымы  - менің жұмыс талап еткенім. Инвентаризация кезінде мен өзім жұмыс талап еттім бұл кісілерден. Артық кетсем кеткенде шығармын. Оған кешірерсіздер. 

Дәрігерлердің бір күнгі бас көтергені әсер еткен шығар, әйтеуір 2 жыл бойына алдына адам кіргізбеген Қаламқас Өмірбекова бір-ақ күнде өз еркімен жұмыстан кететінін айтып, қызметімен қош айтысты.

Ал бас дәрігер көз алдында болып жатқан заңсыздықтан хабарсызбын деп басын ала қашты. Нұржан Нұрашевтың бірде-бір дәрігер алдыма арыз айтып келмеді дегеніне енді ешкім сене қоймас. Қалай болғанда да қазір бұл іс аудандық прокуратураның бақылауында. Енді емханадағы былықты солар тексеретін болды.