Оқыс оқиға түн мезгілінде мына дәмханада орын алды. Туған күн кешін тойлап отырған 5 жігітке белгісіз біреулер бір мезетте ту сыртынан пышақ ұрады. Салдарынан, төртеуі ауыр жарақаттар алса, біреуі оқиға орнында қаза тапты.
Қансыраған төртеу дәмхана ішінде қалса, мерт болған 18 жастағы Абылайдың денесі оқыс оқиға болған жерден 27 метр қашықтықтан табылды.
Назаровтар әулетіндегі шиеттей бала-шағаның үлкені Абылай ауру анасына нағыз қолғабыс болған. Тіпті, жанұясын бағу үшін колледждегі оқуынан да өткен жылы өз еркімен шыққан екен. Інісі оның спорттағы жетістіктерін көңіл айтып келгендерге мақтана көрсетеді.
Лола Анашова, Абылай Назаровтың анасы:
- Білмеймін, баланың не қылғанында, ана деген сөзінде естіген жоқпын. Әділдік керек маған. Бәрін айтып жазасын тартсын. Жауапқа тартсын. Шақырсын барлығында шақырсын. Бәрін ақшамен жауып жібермей.
Көз жұмған Абылайдан өзгесі қазір ауруханада жатыр. Үшеуінің денсаулық жағдайы орташа деңгейде. Біреуі аздаған ем-домнан соң үйіне жіберіліпті. Ең хәлі мүшкіл Қазыбектің өмірі үшін дәрігерлер біраз алысқан екен. Қазір, ол да жалпы палатаға шығарылды.
Қазыбек Баймұратов, жәбірленуші:
- Білмеймін кетіп бара жатқан едік. Артымнан тақ ете қалды. Артыма қараған едім, біреуі кетіп бара жатыр екен. Қолымды ұстап көрсем қан, денемді ұстағам ғой бүйтіп, қан ағып жатыр.
Пышақталған жеткіншектердің дені 18 жаста. Барлығы жергілікті күрес секциясының мүшелері. Сол күні нақты не болғанын ашық айтудан барлығы бас тартуда. Ауыр жарақат алса да, полицияға арызданданғылары жоқ. Дегенмен, бір күдікті табылыпты.
Арман Ақшораев, Сарыағаш аудандық ІІБ бастығының орынбасары:
- Сарыағаш қаласының тұрғыны, 1994 жылы туылған. Сезікті барлығы да бір-бірімен жасты.
Қазір, жаппай төбелес болған дәмхана жабылды. Айта кетерлігі, мұнда соңы қайғылы аяқталатын оқиғалар жиі орын алады екен.