Бұл ауылда құрылыс жұмыстарын "Дина-Н" компаниясы жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстарының бригадирі Шәмшитдин Нұрыбеков атап өткеніндей, нысандардың құрылысында жергілікті тұрғындар да жұмыс істеуде.
"Еңбекке жарамды барлық адамдар құрылысқа қатысып, үйлердің иелері құрылыс материалдарын күндіз-түні күзетуде", -дейді Ш. Нұрыбеков.
Бригадирдің айтуынша, олар белгіленген мерзімді ұстануда: "Құрылыс үкімет белгілеген талаптар бойынша жүргізіліп,үй қабырғалары 20 күнде, ал шатыр 10 күннің ішінде тұрғызылуда".
ОҚО облысының әкімі Нұрғали Әшімов кеше өткен жиналыста атап өткеніндей, баспана құрылыстары 30 маусымға дейін аяқталуы тиіс, ал екі мектептің күрделі жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін жасалуы тиіс. Ал жаңа мектептердің тапсыру уақыты әлі анықталған жоқ.
Облыс әкімі су тасқыны болған аудандарды қалпына келтіру жұмыстарына қатысып отырған облыстық қызметтер мен департаменттердің жұмысына қатысты сын айтты. ОҚО басшысы су тасқынынан зардап шеккендердің нысандарын қалпына келтіруге бөлінген қомақты қаржының баяу игерілуіне орай көңілі толмайтынын айтты. Әкімнің пікірінше, құрылыс нысандарын тұрғызу мерзімі орындалмай отыр.
"Бұл жұмысқа жұмылдырылған департаменттер барлық жұмыстарды белгіленген мерзім бойынша жасауы қажет. Ол жұмыстарды мемлекеттік құрылым немесе жеке кәсіпорындар атқарғанына қарамастан барлық жоспарлар уақтылы орындалуы тиіс", - деді Н. Әшімов.
Облыс әкімінің пікірінше, қалпына келтіру жұмыстарына бөлінген материалдық ресурстар жеткілікті. Оларды тек орынды және уақтылы пайдалану керек.