Бұл туралы "Оңтүстік Қазақстан" газеті мақала жариялады.
– Маған ауласынан құдық қаздырғандардың iшiнде облысқа белгiлi, танымал азаматтар өте көп. Жақында белгiлi кәсiпкер келiншектiң үйiне құдық қазып бердiм. Бiраз уақыт бұрын көршiсi бiреуге құдық қаздырып, су шығара алмаған екен. Мен қазып жатқанда да сенiмсiздiкпен қарап тұрды. Су шыққанда қуанып кеттi. Қайта-қайта алғысын айтып, риза болды, – дейдi бүгiнде жетпiс жасты алқымдаған Әбдiкерiм ата.
Әр аймақтың жер қыртысына қарай кейде 50-60 метр тереңдiктен, ендi бiрде 80 метрге дейiн қазып, су шығаратын Әбдiкерiм атаның айтуынша, жердiң қыртысын әбден зерттеп алмай күрек ұстауға болмайды екен. «Сендер көзбен көрiп жүрген өзен сияқты жер астындағы су түзу ағып жатпайды. Толқындалып, бiрде былай, ендi бiрде басқа ендiкке бағыт ауыстырып қозғалыста болады. Мен алдымен құдықты қай жерден қазуға болатынын зерттеп, жердiң тамырын басып көремiн» деген кейiпкерiмнiң әңгiмесiне таң-тамаша қалғанымызды несiне жасырайық.
– Мысалы, дәрiгерлер адамның тамырын ұстап, қай жерi ауырып тұрғанын анықтайды емес пе? Мен де дәл солай өзiмнiң арнайы мыс құрылғыммен қай жердi қазсам су шығатынын анықтап аламын. Сосын дәл сол жердi қаза бастаймын. Жарты метр де ауытқып кетуге болмайды. Ауытқысаң су шықпай қалуы мүмкiн.
Әсiресе, Сарыағаш ауданында ауыз суға зар болған Бозай, Әлiмтау, Жылға ауылдарының тұрғындары Әбдiкерiм атаны кезiнде кезекпен кезек үйлерiне шақырып, құдық қазып беруiн өтiнген екен.
«Қай аудан, қай ауыл екенiн айтпай-ақ қояйын, бiр ауыл әкiмi «Көке, судың қадiрi әбден өттi. Елден де ұят болды. Жыл сайын «ауыз су құбыры тартылады» деп алдаусырата беремiз. Тартқан құбырдан су шықпай қалады немесе iшуге жарамсыз су шығып, ұятты болып жатырмыз. Әр төрт үйге ортақ етiп, бүкiл ауылға құдық қазып берiңiзшi деген соң бiр ауылда 16 құдық қазған кезiм болған» дейдi құдықшы ата.
Ауыл-аймақта, малшылардың өрiсiнде, адырда құдық қазу оңай емес. Әбдiкерiм ата күнiне 2-3 метрден қазатындықтан, кейде намазын сол қазып жатқан құдықтың түбiнде оқиды екен.
– Жоғарыда тұрғандардан «Құбыла қай жақта?» деп сұраймын. Солар бағыттаған тұсқа бет бұрып, басымды сәждеге қоямын, – дейдi бес уақыт намазын қаза қылмайтын қария.
Құдық қазып жатып Әбдiкерiм атаның талай қызықты оқиғалар мен тосын жағдайларға куә болған сәттерi көп. Құдық түбiнен бағзы заманның бұйымдары, құмыра тауып алғаны, жылан, кесiртке, тұрқы қозыдай мысықтың шыққаны өз алдына, адамның бас сүйегi шыққан кезi де болған. Ондайда құдықтың иесiне Құран оқытып жiберуге кеңес бередi.
Жалпы, Әбдiкерiм ата «аулама құдық қазып бер» деген адамдардың өтiнiшiн жерге тастамайды. Келiсiмге қарай ақысын алады. Алдын-ала барып жердi зерттейдi. «Егер су шықпайтындай болса, ақшасын алмаймын. Алып қойсам, қайтарып беремiн. Мен су шығарып бергенде ғана ақы аламын» дейдi.
– Ал, су шықпай қалса ше?
– Отыз жылдан берi құдық қазып жүрiп ондай жағдай кездескен емес, – дейдi.
Қазiр Әбдiкерiм атаның бұл кәсiбiн үйренiп, меңгерiп жүрген шәкiрттерi де жоқ емес. Өзi туып-өскен Қазығұрт ауданы Атбұлақ, Шарапхана ауылдарында шәкiрттерi тұрады. Тереңдiгi 80 метрге дейiн баратын құдықты қазысуға көмектесетiн балалары да бар.
– Кран сияқты арнайы қондырғым бар. Түбiндегi топырақты сол арқылы жоғарыға тартып шығарып тұрамыз. Ал, құдықтың түбiне тереңдеп кетiп, тыныс алуым қиындап кетсе, арнайы ұзын түтiкпен жоғарыдан ауа сорып, бiраз демiмдi алып отырамын, – дейдi.
Құдықшы қарияға сусыз отырған алыс ауылдардың тұрғындары ғана тапсырыс бередi деп ойласаңыз қателесесiз. Бiз де солай деп түсiнгенбiз. Сөйтсек, Шымкенттiң қақ ортасындағы мекеме, ұйымдардан да тапсырыс түсiп тұрады екен. Мөлдiр де таза құдық суын тұтынғысы келетiндердiң iшiнде, әсiресе, дәмхана, мейрамханалар мен қонақүй қожайындары да бар болып шықты. Мұның сырын, әрине, Әбдiкерiм ата айтқысы жоқ. Дегенмен, таза әрi тегiн суды пайдалану кiм-кiмге болсын тиiмдi болып тұр.
– Құдыққа бiр сағатта 70 тонна су беретiн мотор орнатып алатындар да бар. Маған тапсырыс бергендердiң ешқайсысы да кейiп, өкiнiп, ренжiген емес. Әлi күнге дейiн хабарласып, алғысын айтатындар көп.
Жол салып, мектеп, мешiт ғимаратын тұрғызып бергендей сауап жазылатын құдық қазу өнерi де – iзгi кәсiптердiң бiрi. Содан да болар, бiздiң кейiпкерiмiз отыз жылда қанша құдық қазғанын санамапты. «Санағым да келмейдi. Өте көп екенiн бiлемiн. Қазiрдiң өзiнде күн жылынса қазуға тиiстi 7-8 тапсырысты қабылдап қойдым. Таяу күндерi соған кiрiсемiн» дейдi қызық кәсiптiң иесi Әбдiкерiм ата Оразбаев.+
Оңтүстiк Қазақстан облысы тұрмақ, көршi Жамбыл, Қызылорда облыстарынан да Әбдiкерiм атаға құдық қаздыруға тапсырыс берушiлер күн сайын iздеп келiп, қолқалап алып кетедi екен. Әне, ол кiсi мыс сымдарын арқалап тағы да құдық қазуға аттанып барады...