Оңтүстік жұрты Наурыз мейрамын тойлауды бастап кетті

Оңтүстік Қазақстан облысында Ұлыстың Ұлы күні мейрамын атап өту шарасы ресми түрде басталды. Бүгін облыс орталығы Шымкенттегі Қошқар Ата өзенінің бойында «Наурыз пати» шарасы өтті, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Мерекелік шараға келгендер қолөнершілердің бұйымдары мен қылқалам шеберлерінің туындыларын тамашалады. Сонымен қатар тұрғындарға түрлі ұлт өкілдері, яғни, этомəдени бірлестік мүшелері мерекелік дастарқан жайып, «Наурыз патиге» келген əрбір азамат қазақтың ұлттық тағамдарынан дəм ауыз тиді. Əсіресе Наурыз мейрамының басты тағамы болып табылатын көжеге кезекке тұрғындардың қарасы көп болды. Ал əжелер қауымы киіз басып, ұршақ иіріп, келушілерді таңғалдырды. Жастар қауымы болса, «Саил Қошқар Ата» ұлттық жəне спорттық ойын түрлерінің фестивалінде бағын сынап, мəре-сəре болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұратəлі Қалмұрадов болса, өз сөзінде жиналған қауымға облыс əкімінің арнайы құттықтауын жеткізді.


«Сіздерді Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылып отырған салтанатты «Наурыз – думан» апталығының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Əз-Наурыз баршаңызға жақсылық сыйлап, шаңырақтарыңызға құт-береке əкелсін! «Наурыз пати» іс-шарасына белсене қатысқан баршаңызға алғыс білдіремін»,-деді төраға орынбасары.

Шара мерекелік қойылым мен концерттік бағдарламаға жалғасты.
Ақпарат ретінде айта кетейік, биыл Наурыз мейрамы еліміздің күнгей өңірінде бір апта бойы тойланады. Басты шара түркі əлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында аталып өтеді.