Елімізде интернет-алаяқтық кең етек жая бастады. Әсіресе жасанды интеллект дамыған сайын алаяқтардың қулықтары да көбейді. Қазір бұл нағыз жоспарланған, кәсіби түрде құрылған схемалар. Алаяқтар адамдарға психологиялық тұрғыдан қысым жасап, мемлекет пен банк атын жамылып әрекет етеді. Салдарынан қарапайым адам бірнеше минуттың ішінде жиған-тергенінен айырылып, сан соғып қалады. Бұл жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін. Алданып қалған азаматқа не істеу керек? Онлайн несиені шектеу алаяқтарды тыя алады ма? Caravan.kz медиа порталы осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
«Сәлеметсіз бе, мен банк қызметкерімін. Сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр. Оны тоқтату үшін сізге келген кодты айтыңыз».
Алаяқтардың көпшілігі қоңырау шалғанда осындай шаблонмен бастайды. Қорқыныш, асығыс шешім қабылдау, сенімді дауыс - адамды бақылаудан шығарады. Осы бірнеше минуттың өзі алаяқ үшін жеткілікті. Қазір олар қалай қысым жасау керектігін, қалай қорқыту және сендіруді үйреніп алған.
Жәбірленушілердің бірі басынан өткен оқиғасымен бөлісті.
«Маған Астана қаласының коды бар номірден қоңырау шалып,курьерлік қызмет өкілі ретінде таныстырды. Олар менің атыма Мемлекеттік кірістер комитетінен хат келгенін айтты. Мен жеке кәсіпкер болғандықтан, сеніп қалдым. Егов платформасына келген кодты айттым», - дейді зардап шегуші.
15 минуттан кейін тағы бір қоңырау түседі. Бұл жолы өзін Ұлттық банк қызметкері деп таныстырған адам хабарласып, оның атына Қазақстандағы бірнеше банкте несиеге өтінім берілгенін айтқан.
«Осы жерде мен қобалжый бастадым. Өзімді код айтқаным үшін кінәладым. Осы сәттен бастап әңгіме «жедел тексеру» мен «арнайы операция» форматына ауысты. Сөйлесуге «тергеуші» қосылды, банктік құпия бар екенін айтып, Қылмыстық кодекстің баптарымен қорқыта бастады», - дейді қыз.
Қыздың айтуынша, олар өте жүйелі әрекет етеді. Яғни, расымен де саған жаны ашып тұрған адамдай кеңес береді. Мысалы, алаяқтар бірнеше талап қояды:
«Олар өте сенімді әрі сабырлы сөйлейді. Парольді немесе кодты дауыстап айтқызбайды. Керісінше, «ақша әлі аударылған жоқ, бәрін тоқтатуға болады» деп жұбатады. Осылайша жәбірленушінің ойлануына мүмкіндік бермейді. Мен осы уақыт ішінде барлық эмоцияларды басымнан кешірдім», - дейді ол.
Нәтижесінде «алаяқтар рәсімдеп жатқан несиелерді жою үшін» несиені қыздың өзі рәсімдеуіне көндірген. Осылайша барлық банктерге түскен өтініштен, бір банк қана қыздың атына 9,5 миллион теңге көлемінде несие мақұлдайды.
«Кейін мен бұл ақшаларды олар айтқан есепшоттарға аудара бастадым. Алдымен 5 миллион теңгені олар көрсеткен шотқа жібердім, тағы өзімнің қосымша ақшаммен қосып 6 миллион теңгені шешіп алып, WhatsApp арқылы жіберілген ЖСН-дерге терминал арқылы жібердім. Олар осының барлығы болып жатқан кезде, ешкіммен байланысқа түспеуімді талап етіп, тіпті қылмыстық кодекс арқылы қорқытты», - дейді қыз.
Дегеніне жеткен алаяқтар қызбен ертең байланысқа шығатынан айтқан. Келесі күні таңертең жәбірленуші күмәндана бастайды. Ол ChatGPT-ке: «Ұлттық банк қызметкерлері азаматтарға қоңырау шала ма?» деп сұрақ қояды. Жасанды интеллект «жоқ», бұл алаяқтардың жұмысы деген жауап береді. Сол сәтте өзінің оңбай алданғанын түсінген қыз, полицияға жүгінеді.
Миллиардтаған теңге шығын
Интернет-алаяқтық Қазақстандағы ең қауіпті қылмыс түрлерінің біріне айналды. Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның деректеріне сәйкес:
2024 жылдың қаңтар–шілде айлары аралығында анықталған жалпы шығын 7,1 млрд теңгені құрады. Оның 6,8 млрд теңгесі — қарапайым азаматтардың жоғалтқан ақшасы.
Ал қайтарылған қаражаттың көлемі - 777 млн теңге, яғни жалпы шығынның шамамен 11 пайызы ғана.
Алданғаннан кейін алғашқы сағаттарда не істеу керек
Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, ең бастысы — уақыт жоғалтпау.
«Біріншіден, дереу банкке хабарласып, алаяқтармен байланыс болғанын және ақша аударылғанын айту қажет. Екіншіден, полицияға арыз жазу керек. Бұл әрекеттерді мүмкіндігінше тез жасау керек, себебі бұл ақшаны қайтарудың жалғыз мүмкіндігі», - дейді маман.
Неліктен банктер қоңырау шалмайды
Адвокаттың айтуынша, банктер ешқашан телефон арқылы қауіпсіздік мәселесін шешпейді. Одан бөлек мемлекеттік органдар азаматтарға қоңырау шалып, тергеу жүргізбейді. Құқық қорғау органдары шақыруды тек ресми, электронды форматта жібереді.
«Сондықтан өзіңізді банк, полиция немесе Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалса, бірден сөйлесуді тоқтату қажет. Күмән болса, банк бөлімшесіне барып, менеджермен бетпе-бет сөйлескен жөн», - деп кеңес берді сарапшы.
Қаржылық жауапкершілік кімге жүктеледі
Заң бойынша, егер ақша клиенттің кінәсінсіз шоттан шықса, жауапкершілікті банк көтеруі тиіс. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша.
Адам несиені өзі рәсімдеп, верификациядан өткен жағдайда банк «міндетімді орындадым» деп есептейді. Ал жәбірленуші бұл әрекеттерді қорқыныш пен психологиялық қысым жағдайында жасайды.
«Егер соттар мұндай несиелерді жарамсыз деп танып, шығынды банктерге жүктей бастаса, онлайн-несие беру тәртібі міндетті түрде қатаңдайды», - дейді маман.
Неліктен ақшаны қайтару қиын
Негізгі себептер:
Тіпті жасанды интеллект арқылы ҰҚК қызметкерінің бейнесін жасап, видеоқоңырау арқылы адамдарды алдаған жағдайлар да тіркелген.
Алаяқтар - мықты психологтар
Полицияның айтуынша, 102 нөміріне тезірек хабарласу арқылы, қылмысты тез ашуға болады.
Әр іс жеке зерттеледі. Хат алмасулар, скриншоттар, дауыстық хабарламалар, уақыт аралықтары — барлығы маңызды.
Құқық қорғау органдары жәбірленушілерді кінәлауға болмайтынын атап өтеді. Олар - алаяқтардың құрбандары. Әсіресе егде жастағы адамдар алаяқтардың басты нысанасына айналады.
Онлайн несиені тоқтату көмектесе ме?
Онлайн несиені шектеу мәселені толық шеше алмайды дейді мамандар. Десе де қосымша тексерулер, уақытша кідіріс, тірі менеджердің қатысуы және банктердің жауапкершілігін арттыру алаяқтықты едәуір азайта алады.
Интернет-алаяқтық бүгінгі таңда қазақстандықтар үшін ең қауіпті қатерлердің бірі болып отыр. Ақшаны қайтару қиын. Сондықтан ең басты қорғаныс - сақтық, сыни ойлау және жедел әрекет.
Бір қоңыраудың құны тым қымбат болуы мүмкін.