Оңтүстік Кореяға сүт және Жапонияға жылқы еті жеткізіледі – Қазақстанның экспорты қаншалықты өзгерді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстандағы компаниялар ЕАЭО, ТМД елдеріне, сондай-ақ Иран, Қытай, Моңғолия, БАӘ және Сауд Арабиясына ірі қара мен ұсақ малды, жылқы және түйені жеткізумен айналасып келеді. 

Осы елдерге, сондай-ақ Түркияға бал және бал арасы шаруашылығы өнімдері, құс шаруашылығы тауарлары, тері, жем-шөп сияқты өнімдер тасымалданып жатыр. 

Атап айтқанда, ЕАЭО мен ТМД елдеріне, Иран, Оңтүстік Корея және Қытайға консервілер, шұжық әрі сүт өнімдері, балық экспортталады. Сонымен қатар, қой және жылқы еті ЕАЭО мен ТМД-ға, Иран, Қытай, БАӘ, Сауд Арабиясы және Жапонияға жеткізіліп отыр. 

Қазақстандағы ауыл шаруашылығының жалпы тауар айналымы 2023 жылы 11,3 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіш 2022 жылы тіркелген 11,5 миллиард доллардан сәл аздау болды. Экспорт көлемі 5,35 млрд долларды құрады, бұл өз кезегінде 2022 жылмен салыстырғанда 5 пайызға аз. Бұл ретте, Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты сыртқа шығарылатын тауарлардың жалпы көлемінің шамамен 7 пайызын құрады.

Ресей, Өзбекстан, Қытай, Ауғанстан және Тәжікстан ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша Қазақстанның бес ірі сауда серіктестерінің қатарына кірді.

2023 жылы Ресеймен тауар айналымы 3,46 млрд долларды, Өзбекстанмен – 1,71 млрд долларды, Қытаймен 1,3 млрд долларды құрады. Былтыр ШЫҰ елдерімен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы тауар айналымы 7,7 млрд долларға жетті.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы экспортының 70 пайызы ШЫҰ елдеріне жіберілді, яғни оның сомасы 3,8 миллиард доллардан асты.

Жақында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанның 80 елге, соның ішінде Орталық Азия мен ЕАЭО мемлекеттеріне ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізіп жатқанын айтап өтті. Бұл тұрғыда еліміз әлемдегі ең ірі азық-түлік экспорттаушыларының 25-інің қатарында. Кейінгі бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты екі есе өсіп, 5,4 миллиард долларға жетті. Қазақстан экспорттық көрсеткіштерін одан әрі арттыру үшін 2029 жылға қарай экспортты екі есеге өсірмек.

«Біз осы көрсеткішті одан әрі арттыруды жоспарлап отырмыз. Әлемде азық-түлік тапшылығының өсуі жағдайында еліміз 2029 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есеге арттыруды мақсат етіп отыр. Бұл ретте, өңделу деңгейі жоғары өнімге басымдық бере отырып, экспорт құрылымын белсенді түрде өзгертіп жатырмыз. Өңделген өнімдердің экспорты кейінгі 5 жылда екі есеге өсіп, 2,3 млрд АҚШ доллары деңгейіне жетті. Біз Қазақстанда бірлескен қайта өңдеу зауыттарын ашуға мүдделіміз. Өз жұмысын ашық жүргізетін бизнеске қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, осы саладағы іс-қимылдар Қазақстанда және ЕАЭО елдерінде азық-түлік қауіпсіздігін нығайта түседі», - деді министр. 

Қазіргі кезде министрлік Еуропа одағы, Вьетнам, Сингапур және Парсы шығанағы елдерімен экспортталатын тауарлардың қатарын кеңейту жұмыстарын жалғастырып жатыр.