Оппозицияның құрылтай жиналысында бұзақылық әрекеттер жасаған Шымкент тұрғынының үстінен сот процессі басталды

А.Жұмагелдиевке ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылды. Оған суық қару алып жүргені, бұзақылығы және адамдардың денсаулығына қасақана нұқсан келтіргені үшін айып тағылған. Сотқа Жұманов есімді күзетші жәбірленуші ретінде қатысуда.

Бүгінгі сот мәжілісіне Болат Әбілов, Әміржан Қосанов сынды 10 шақты куәгер қатысты. Мәжіліс барысында оппозициялық қозғалыс өкілдерінің мүддесін қорғаушы Мұстахим Төлеев Жармахан Тұяқбай,Болат Әбілов пен Әміржан Қосановтың сот процессіндегі мәртебесін өзгерту туралы өтініш жасады. Олар бұл іс бойынша сот мәжілісіне куәгер ретіде шақырылған. Ал М.Төлеев оларды жәбірленуші деп тануды өтінеді. Алайда судья Шара Бейсенбаева өтінішті қабылдаған жоқ. Бұдан кейін Болат Әбілов, Әміржан Қосанов пен Мұстахим Төлеев сот залынан шығып кетті.
Кезекті сот мәжілісі 7-шілдеге белгіленген.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2-мамырда Шымкентте"Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысының Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбаев және Болат Әбіловтың қатысуымен өткізілген облыстық құрылтай конференциясын ереуілшілер өткізбей тастады. Күндізгі сағат 12-де конференция өтуге тиіс "Турист" қонақүйіне екі автобус келіп жеткен. Оларда "Сіздер ұлттың ұятысыздар", "Тұрақтылықты бордай тоздырмаңыздар", "Біз президенттің саясатын қолдаймыз", "Оңтүстікте төңкеріске жол жоқ" деген жазуы бар үнпарақтар ұстап алған бір топ жастар болған. Автобуспен келгендер қонақ үйге кіре алмаған. Күзетшілер тек шақыру билеттері бар адамдарды ғана ішке қарай жіберген. Сонымен бірге күзетшілер конференциядан кейін баспасөз мәслихаты өтеді деген сылтаумен ішке журналистерді де жібермеген. Автобуспен келген жастар шабуылға көшіп, күзетшілерді жапырып ішке өткен. Ереуілшілер оппозиция мүшелеріне ыдыс-аяқ, жиҺаз, тас немесе таяқ сынды заттарды лақтыра бастаған. Соның салдарынан "Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысының жетекшілері оқиға орнынан қашып шығуға мәжбүр болады.