ОҚО әкімдігі WhatsApp мессенджерінің тиімді тұстарын айтты

Бүгінде аталған байланыс түрі өзінің тиімділігін көрсете бастады. Қазірдің өзінде Whatsapp мессенджеріне тұрғындар тарапынан жалпы саны 208 сұрақ келіп түскен, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

208 сұрақтың 49-ына жауап беріліп, тиісті шаралар ұйымдастырылуда. Келіп түскен сұрақтардың басым көпшілігі инфрақұрылымдық мәселелер туралы болып отыр. Атап айтсақ, 10 тұрғын табиғи газ, 7 тұрғын ауызсу, 34 азамат тұрғын үй кезегін, 10 азамат электр энергиясына қатысты мәселе айтып, шағымданған. Сондай-ақ, 24 азамат жол қиындығын көтерсе, 14 тұрғын қоғамдық көлікке қатысты, 12 азамат қоқыс мәселесі жөніндешағымын жеткізген.

Арыз-шағым түсіргендердің басым көпшілігі Шымкент қаласының тұрғындары. Келіп түскен 208 сұрақтың 137-сі облыс орталығының тұрғындарына тиесілі болса, екінші орында 8 сауал жолдаған Төлеби ауданының тұрғындары тұр.


Бүгінгі таңда келіп түскен өтініштерді салалық басқармалардан құрылған жұмысшы топ назарға алып, нәтижесін өтініш берушіге жолдауға дайындау үстінде.

Еске сала кетсек, облыс тұрғындары арыз-шағымдары бойынша мына көрсетілген+ 7 702 198 53 23 ұялы телефон нөміріне тіркелген WhatsApp Messenger-ге сауалдарын жолдауын аболады.