ОҚО аудандарында несиеге салынып жатқан тұрғын үйлердің небәрі үштен бірі сатылды

Департаменттің ақпаратына сәйкес, 2004-2005 жылдары қалалар мен облыс аудандарында (Шымкентті қоспағанда) құрылыс бағдарламасы бойынша несиеге 146 бір қабатты үй салынған (оның 20-ы екі бөлмелі, яғни бар жоғы 166 пәтер). 2006 жылдың 3 қарашасына дейін 45 пәтер пайдалануға берілген. Қазығұрт және Мақтаарал аудандарында 20-30 ұй салынса, небәрі 4 отбасы несиеге пәтер алған. Ең көп тұрғын үй Түркістанда сатылыпты: пайдалануға берілген 36 пәтердің 20-на тұрғындар қоныстанған.

Облыс аудандарында несиеге пәтер алушылар санының мұнша төмен болуына екінші дәрежедегі банктердің қойып отырған талаптарының тым қаталдығы себеп, дейді ОҚО құрылыс департаментінің директоры Ахметжан Сәбденов. Департамент директорының айтуынша, "банктердің талаптары бойынша, несие алушының айлық кірісі 70 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Ал, қала мен аудан тұрғындарының жалақысы 25-30 мың теңгеден аспайды".

Оған қоса, А.Сәбденовтың пайымдауынша, тағы бір себеп клиенттің жасына байланысты, яғни 40 жастан жоғары болса 20 жылға несие берілмейді. Сонымен қатар, " банктер сатып алынып жатқан пәтерді кепіл ретінде алмайды, себебі оған банк қызметкерлерінің беретін бағалау құны әлдеқайда төмен болады". Мәлімет бойынша, тағы бір кедергі, ол банк қызметі үшін қойылатын проценттік ставканың жоғары болуы, оған қоса банк қызметкерлері бекітілген ережелерде көрсетілмеген қосымша анықтама қағаздары мен құжаттарды талап етеді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті