ОҚО кәсіпкерлерін заңсыз тексерулерден прокуратураның мобильді топтары қорғайды

«Жыл басынан бері мобильді топтардың сенім телефондарына кәсіпкерлік субъектілерінен 13 хабар түскен, олар бойынша тексеру жүргізілді», - деп мәлім етті ОҚО прокурорының орынбасары Алмат Байшолақов.

Бұл тексерулердің қорытындысы бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жүргізген 6 заңсыз тексерудің жолы кесілді, 3 адам тәртіптік жазаға тартылды. Тағы үш мемлекеттік қызметкер әкімшілік жаза алды. «Яғни, 13 кәсіпкердің конституциялық құқықтары қорғалды», - деді А. Байшолақов.

Мысалы, Алматы-Ташкент күре жолында ОҚО ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері «Метал-Мега» ЖШС-інің жүк көлігін тоқтатып, айыптұрағына қойып қойған.

«Автокөлік контрабанда жасады деген күдікпен ұсталған. Ал тәртіп сақшылары ұстау, тексеру және қылмыстық-процессуалдық кодекстің басқа да талаптарын сақтамаған», - деді А. Байшолақов.

Бұған қоса, кедендік бақылау департаменті қылмыстың құрамы жоқ болғандықтан, қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан. Жүк артылған автокөлік құжаттарымен бірге «Металл-Мега» ЖШС-інің өкілдеріне қайтарылды. «ОҚО ІІД ҰҚКБ аға оперативті қызметкеріне сөгіс жарияланды», - деді прокурор.