ОҚО құтқарушылар қар құрсауында қалған 600 адамды шығарды

"24 желтоқсанда сағат 10 кейін облыста ауа райы күрт өзгеріп, барлық бағыттарға апаратын жолдарды қар басты. Сондықтан, қаладан халықаралық автобустардың жүруіне тыйым салынды", - деп хабарлады ТЖ департаментіндегілер.

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қардың құрсауында қалғандарды құтқару үшін құтқарушы экипаждың екі колонна -тобы құрылып, олар барлық жерде жүре алатын қажетті көліктермен жабдықталды.

Бірінші топ төрт көлікпен Шымкент - Машат - Тұрар Рысқұлов ауылдарына - Шақпақ-баба бекетіне қарай бет алды. Екінші топ машина тартқыш және бір көлікпен Шымкент - Қазығұрт жолына шықты.

Желтоқсанның 24 - 25 қараған түні, бірінші топ 32 техниканы және 467 адамды қар қоршаудан шығарды. Оның 25-і автобус. Екінші топ қардың қоршауында қалған 6 техниканы (2 автобус) және 62 адамды құтқарып, бірінші топқа көмек беру үшінТүлкібас ауданына қарай жүріп кетті. Кейін олар бірлесе отырып, тағы да 8 көлікті омбы қардан шығарып алды.

Бүгінде Шақпақ-баба бекетінен басқасы, Шымкенттен Жамбыл облысына дейінгі шекара учаскесі қардан тазартылды.

Жолды қардан тазалауға 110 техника және 400 адам жұмылдырылды.

Бүгінде облыс территориясында қар әлі жауып тұрғандықтан, ТЖМ тұрғындарға жол жүрудің қолайсыз екенін ескертті.