Оңтүстік Қазақстан облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро департаменті облыстың Еңбек комитеті, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Б.Сыздықовты қолға түсірді. Б.Сыздықов аудандық бөлім басшыларымен бірігіп, мүгедектік тобын алу немесе ұзарту үшін еңбекке жарамсыз деп танылған азаматтардан жүйелі түрде ақша алып отырған. Ол жеке тұлғадан 100 мың теңге көлемінде пара алып жатқан уақытта қолға түсті. Қазіргі уақытта Б.Сыздықов Шымкент қаласының ІІБ уақытша қамау изоляторына жабылды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Жамбыл облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро департаменті облыстық денсаулық сақтау басқармасының лауазымды тұлғаларын да әшкереледі. Олар – Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е.Масалимов пен оның орынбасарлары Р.Бижігітов пен Г.Жақсыбеков, сондай-ақ Мемлекеттік сатып алулар, мониторинг және техникалық бақылау мен экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдерінің басшылары Б.Бейсебаев пен И.Аймағанбетова қолға түсті. Лауазымды тұлғалар облыстық медициналық мекемелердің бас дәрігерлері мен басқа да тұлғалардан қамқорлықтары үшін 300-ден 10 мың долларға дейін жүйелі түрде ақша алып отырған. Бұған қоса, олар өздерінің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, дәрілік заттар мен медициналық құрал-жабдықтарды мемлекеттік сатып алу тендерлерін бөлуде де заңсыз әрекеттерге барған. Қазіргі уақытта Е.Масалимов Тараз қаласының ІІБ уақытша қамау изоляторына тоғытылды. Сотқа дейінгі тергеу басталды.