ОҚО-да ауған героинін тасымалдаудың трансұлттық арнасы жойылды

Баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 22 шілде күні Шымкентте Есірткі бизнесімен күрес басқармасы «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі экстремизммен күресі басқармасы мен ОҚО ІІД кинологиялық қызметі орталығымен бірлесіп өткізген жедел іздестіру шаралары барысында  49 және 40 жастағы қала тұрғындарын қолға түсірді. Ұсталған азаматтардан ішінде 8 келі 574 грамм есірткі салынған 10 литрлік канистр мен 7 млн. теңге тәркіленді. Ұсталғандардың бірінің уақытша тұрып жатқан пәтерін тінту барысында салмағы 202,86 грамм есірткі табылды.

Ұсталғандар уақытша оқшаулау абақтысына жабылып, қылмыстық іс қозғалды. Есіркті заттарын сату мақсатында алу және тасымалдағандары үшін олар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта бұл қылмысқа қатысты бар басқа да адамдарды анықтау, героинді сатып алған орнын анықтау бағытындағы жедел шаралар жүргізілуде.


«Жедел шаралардың нәтижесінде есірткі тасымалының тағы бір трансұлттық арнасы жойылды және сомасы 102 млн. 888 мың теңгенің немесе 656,6 мың АҚШ долларына тең героиннің 17148 мәрте бір рет пайдалануға жеткілікті мөлшері заңсыз айналымнан алынды», - делінген хабарламада.