Ал телімді сатып алған жеке кәсіпкер халықтың малын түгел қуып жатыр дейді. Айтуларынша, мың гектарлап жерді сатып алған бай-бағландар жылдар бойы жайылым ретінде пайдаланған жерге ауыл халқының малын бір күнде кіргізбей қойған,-деп жазды 31 арна.
Сарыағаштың Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Қызыләскер ауылынан бөлек тағы сегіз елдімекеннің тұрғындары бір күнде жайылым жерсіз қалдық деп шу көтерді.
Айтуыларынша, жайылымды «меншігім» деп жариялаған кәсіпкер халықтың малын өріске жібермей қойған. Тиісті орындарға берген шағымнан нәтиже ала алмай шаршаған қара халық, кәсіпкерге заңды тоқтам болмаса, алыстан келген ауқаттыны елден өздері қуатынын айтады.
«Малдың жайылатын жері осы жер еді. Ал енді ертеңнен бастап қоршамақшы. Қора салмақшы. Енді не болады? Біздің мал қайда барады? Біз көшуіміз керек пе?»,-дейді тұрғынҚұрбанәлі шымбаев.
«Мен ертең оның жерін өртеймін малымды кізгізбесе. Бірақ шимен. Одан кейін ол мені ұрады. Мен оны ұрамын. Одан кейін менің балам оны ұрады. Атамыз бір-бірімізді. Амал соған барады. Басқа выход жоқ»,-дейді тұрғын Марат Тәженов.
Бір мың гектар жайылымды сатып алып, салығын төлеп, мемлекеттік актісін алғанын алға тартып, тұрғындар алдына келген кәсіпкер, әрекетінің заңдылығын түсіндірмекке ұмтылған. Алайда халық оған дүрсе қоя берді.
«Бірақ біз сияқты кәсіпкерге, мал қорасы бар, заңды түрде, бүйтіп кінә тақпасын»,-дейді кәсіпкер Ғалия Қуандықов.
Тұрғындар шағымынан хабардар билік жайылым жерді «Оңтүстік» қаржы компаниясы кепілге қойған мүлік болғандықтан, жеке азаматтарға сатқанын айтады. Әкім сұраныс хат берген соң, жердің біраз бөлігін тұрғындарға қалдыратынын айтқан. Алайда халық ол жердің тым аз екенін айтқан.
«Жеке тұлғаларға сатылып кеткен. Біз солар бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Нәтижесі бойынша ауылдың жанындағы жерлер қайтарылып берілуі мүмкін»,-дейді Сарыағаш аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Есенбеков.
Жайылымды даулаған Сарығаштағы тоғыз ауылдың тұрғыны алдымен кепілге қойылып, кейін кәсіпкерлерге сатылған жерді сатуда бір шикілік бар деп есептейді. Сондықтан шағымданушылар биліктің жер сатқан серіктестікпен ортақ мәмілеге келгені жөн деп есептейді. Ал мәселе оң шешімін таппаса, соңғы шара ретінде көшені жауып, ереуілге шығатынын да ескертті.