ОҚО-да банк тонады деп қамауға алынғандардың туыстары жолды жауып тастады

- Нағыз қылмыскерлер далада жүр. Үйде жатқан балаларымызды  алып кетіп ұрып-соғып қамап отыр.

Былтыр желтоқсан айында бір ірі банктің Шардарадағы бөлімшесінен 63 миллион теңге ұрланған болатын. Көп ұзамай ұрлыққа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен банк филиалының 7 қызметкері қамауға алынған еді. Алғашында кінәсін мойнына алғандар кейін айтқанынан айнып қалған. Енді қамауда отырғандардың туыстары олардың кінәсі дәлелденбегенін айтып жолды жауып тастады. Полицейлер оларға жала жапқан көрінеді. Қолды болған ақшаның табылмағаны бұған дәлел дейді. Плакат алып шыққандар тіпті көпір үстінен өзенге секіріп өлеміз деп те қорқытты. Оқиға орнына ондаған тәртіп сақшысы мен аудандық әкімге дейін келіп, әкімнің «мәселені қайта қарауға көмектесеміз» деген сөзінен кейін ғана жиналғандар тарай бастады. Тек туыстары толық босамайынша мұндай жиынды жалғастыра беретіндіктерін айтады.


- Суға түсіп өлеміз. Кетпейміз біз. 10 күн отыра береміз осы жерде. Бізге тамақ-шәй керек емес. Осы жерден тек босатамыз деген уәде болса болды бізге.