Жанұзақ ауылында 3 жылдық мектеп бар. Одан кейін оқушылар алыстағы мектептерге қатынап, болмаса сондағы интернатта жатып оқиды. Бірақ бұл ауыл тұрғындарына қолайлы болмай тұр. Балалар екі ортада қатынайтын көліктерге жалынып, жолда қалғандары бірнеше шақырым жаяу жүріп барады. Күн жылы кезде жарасы жеңіл болғанымен, қыс түскенде ата-аналары алыстағы балаларын ойлап, әбден алаңдайды екен.
Қатира Әлімқұлова, Жанұзақ ауылының тұрғыны:
-Интернатта 16 бала оқиды. Ал, мына шет-жақта оқып жүрген балалар 50 баладай бар ғой, далада жүр бәрі. Жақын маңда мына Жаскешу ауылының С.Сейфуллин атындағы мектеп бар. Соған автобус қатынасын екі ортада бізге, болды.
Ауыл тұрғындары балаларын мектепке үйден барсын деп талай мәрте аудан әкімінің қабылдауына кіріпті. Бірақ басшылары ұнамаса қалаға көшіңдер деп, қарашаны қуып шыққан. Тіпті сендерге интернаттан артығы жоқ деген. Бірақ, неге екенін, мақтаулы интернатта оқушылардың оқығысы жоқ.
Әсем Бәйдібек, 5 сынып оқушысы:
-Автобус берсе үйден шығып оқыған жақсы. Ал интернатта біз мұздай сумен еден жуамыз бөлмелері суық. Интернатта оқығымыз келмейді.
Интернат қазір ақылы болған. Енді ата-аналар сол ақшаны автобус жалдап, соған берейік деп отыр. Оның үстіне қыстыкүні ғана осы мәселемен келген аудан атқамінері қиындық жоқ деген еді.
Әділбек Төлепбергенов, Түлкібас аудандық әкімдігінің өкілі:
- 3 километрден асқан жердің бәрінде балаларды қазір тасымалдап жатыр. Аудан бойынша бар жерде шешілген. Ол ешқандай қаржы, балдарды тасу жағынан қаржыдан проблема жоқ.
Бұл осыдан жарты жыл бұрын берілген уәде еді. Бүгін келген бір топ атқамінердің айтқаны мүлдем бөлек. Ауданда мұндай нәрселерге қаржы қарастырылмаған. Балаларға автобус бөлуден басқа да бастан асып жатқан шаруа көп екен.
Марат Қалтаев, Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:
-Нақты, толыққанды шешімі шығады.
– Қашан шығады ол?
– Оны мен айта алмаймын.
– Онда шешімі шыққанша біз балаларды жібермейміз мектепке.
Әкімдікпен халықтың арадағы әңгімесі жараспай, жұрт тағы шулады. Ал әкім-қаралар тағы уақыт сұрап отыр.
-Жанұзақ ауылындағы 50 шақты оқушының тағдыры тағы да тәлкекке түсті. Жұрт балаларын көрінген көлікпен алыстағы мектеп пен интернатқа жібергісі келмейді. Ал, атқамінерлер елдің бұл әрекеті өзіне кесірін тигізеді дейді. Қалай болғанда да, егер қыркүйекте тұтас ауылдың оқушылары мектепке бармаса, бұл тәуелсіздігіміздің тарихымыздағы ең бір сорақы жағдайлардың бірі болайын деп тұр.