ОҚО-да диқандар Өзбекстаннан қызанақ пен қияр әкелуді тоқтатуды талап етті

Сарыағаш ауданына кіре қалсаңыз, жол бойынан мынадай жылыжайлар алдыңыздан шығады. Шығарып жатқан кені жоқ, ауа-райы көкөніске қолайлы аймақ тұрғындарына бұл кәсіп бірнеше жылдан бері әжептеуір пайда әкелетін. Тек 1-2 жылдың көлемінде көршілес Өзбекстанның тауары мұндағы диқандардың өнімін базардан ысырып тастаған. Енді кәсіпкерлер қызанақ пен қиярды тонналап үйінде ұстауға мәжбүр.

Мысалы қазір 6 тоннадай помидор жатыр мына жерде. Қай жерге апарып сатарымызды білмейміз. Базарға апарсаң баға тура келмей жатыр.

Еккен өнімі онсыз да ысырап болып жатқанда, шенеуніктердің естірткен жаңалығы жүздеген диқандарға соққы боп тиді. Атқамінерлер енді 18 мың теңгелік субсидияға іліну үшін әр жылыжай 50 сотықтан кем болмасын депті. Оған қоса мұндағы жарық беру құрылғыларының талапқа сай еместігін айтқан. Сондықтан кәсіпкерлер әр сотыққа 5 мың теңгеден ғана үміттене алады екен.

Жангелді  Ішманов, кәсіпкер:

-2 миллион қарызым бар. Мынау помидор піскен соң берем деп алғам. Оларды қолма-қол алғам, Үкіметтен алғам жоқ, адамдардан алдым.  Мен Үкімет субсидия береді дегенге  сендім ғой.

Шенеуніктер болса жылыжайшылардың дүрлігуіне себеп жоқ деп отыр. Он күн бұрын облыстан келген комиссия ескерту жасап кеткенімен, субсидия көлемі әлі нақтыланбапты. Бірақ, жылдағыдан қысқарары анық екен.


Нұрболат Тәліпов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары:

-1 миллионнан гектарына алатын болса да банкротқа ұшырайды деп есептемеймін. 1 миллионның өзі де үлкен қаражат. Есептеуімізше ол 1 миллион субсидия берілетін болса ол толық өзінің шығындарын өтейді деп отырмыз.

Осыдан тура бір ай бұрын Елбасы оңтүстіктегі жылыжайларды аралап, өңірде жеміс-жидек және көкөніс комбинаттарын одан әрі де көбейту керек деп тапсырма беріп кеткен еді. Бірақ қазір жергілікті шенеуніктер субсидияны жырымдап, 5 шақырым жердегі Өзбекстанның қызанақ-қиярларына тоқтау салуға қауқары болмай отыр. 

Loading...