ОҚО-да мектеп оқушысы екі тонна мақтаның астында тұншығып қалған

Оңтүстік Қазақстан облысында 16 жастағы бала екі тонна мақтаның астында тұншығып көз жұмған, деп хабарлайды tvk-uko.kz. 

Оқиға 10 қазан күні Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында болған. 16 жастағы Бақдәулет Өтебай түнгі сағат екілер шамасында үйінен шығып кеткен. Жанында өзі қатарлас ауыл балалары болыпты. Олар Төрткүлге жақын маңдағы егіс алқабына мақта жинауға барған. Арадан біршама уақыт өткенде балалар трактор тіркемесіне мініп ұйықтаған. Ал, Бақдәулет болса өзгелерден бөлініп, басқа тіркемеде жалғыз жатыпты. Осы кезде, арнайы техника екі тоннаға жуық мақтаны баланың үстіне аударып жіберген. 

"Көрсеңіз, баланың мұрнынан қан аққан. Ауа жетпеген. Бәрін өзім көрдім ғой. Кәдімгідей сығылған. Екі тонна мақта үстінен түскен. Мақта түнгі екіде артылған. Есептеңіз алты сағат жатқан. Бала шыдамайды ғой. Жүрегі шыдамайды",  — дейді марқұмның әпкесі Гүлвира Дәулетова.  

Мектеп оқушысы мақтаның астында қалғанын ешкім білмеген. Жұмыс беруші болса, оны үйіне қайтып кетті деп ойлапты. Сөйтіп, егістіктегі жұмысын жасап жүре берген. Тек, таң атқанда жиналған «ақ алтынды» қабылдау бекетіне өткізбек болған. Осы кезде 500 теңгеге жалданған 16 жастағы баланың мәйіті мақта арасынан табылған.


"Мақта сәл бет жағында болса шығуға болатын еді. Ұйықтап жатқан бала, үстіне түскеннен кейін шамасы келмеген. Қай жерінде қалғанын білмейміз ғой. Ол даланың басында болған. Осы жерге келіп төкті. Сол кезде шықты", — деді мақта қабылдау бекетінің күзет бастығы Бақтияр Омаров.  

Аталған жағдайға қатысты облыстық ішкі істер департаменті пікір білдірді. Тәртіп сақшыларының айтуынша қазір қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ, бірнеше сараптама тағайындалыпты.