ОҚО-да мұнай ұрлығына қатысы бар топ ұсталды

Атап айтқанда, қаржы полицейлері өзінің қызметтік өкілдіктерін пайдаланып, қылмыстық топтарға мұнайды ұрлау кезінде қамқорлық көрсеткен және бұл үшін ірі көлемдегі ақшалай сыйақы алған күзет агенттігінің директорын ұстады. Мұнай құбырынан мұнай ұрлау кезінде қамқорлық көрсету үшін жалпы сомасы 900 мың теңгені құрайтын ақшалай қаражат алғаны тіркелді.

Бұдан басқа, «Боря» есімімен белгілі ұйымдасқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы ұсталды. Ол мұнай ұрлығымен айналысатын тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ құрды. Ұрланған мұнайды Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының аумағына тасымалдап, сатып отырды.

Қылмыстық топқа «Бикеш» бүркеншік аты бар агент енгізілді. Ол заңсыз ойымдардың нақты қай жерде орналасқанын анықтады. Сондай-ақ ұрланған мұнайдың соңғы сатып алушылары анықталды: қаржы полициясының мәліметтерінше, ол «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының құрылысымен айналысып жүрген асфальт-бетон зауыттары.

Аталған фактімен қылмыстық іс қозғалды. Осы қылмысқа қатысы бар барлық тұлғалар ОҚО ІІД-нің уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды.