Даудың басы «Нұр Отан» партиясының шымкенттік филиалын басқаратын Өмірзақ Мелдехановтың жергілікті басылымдарға жазған мақаласынан басталған. Онда облыстық мәслихат депутаты қаржы полицейлерін генералына дейін сынапты. Мәселен, қаржы полициясына оңтүстік дөкейлерінің 70 миллиардтай қаржыны қымқырғаны туралы іс жолданған. Бірақ, мықтыларға қылмыстық іс қозғалмақ түгілі, мүлдем жауапсыз қалған көрінеді. Есесіне, 10 мың теңгемен ұсталған дәрігерлер мен мұғалімдер арқылы статистиканы толтырып отырған. Департамент басшысы жауап алуды көздеген депутаттан қорықтыма әйтеуір жиынға келмей қалды. Ал, жергілікті Нұр Отанның басшысы шортандарға емес, шабақтарға ғана әлі келетін орган басшыларына қызметтік тексеру қажет дейді.
Өмірзақ Мелдеханов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы:
- Ревизионный комиссияның өзін айтқан кезде 20 материалға 13 миллиардқа жақын қаржының ешқандай жауабы да болмаған. Сондықтан, мен департамент жұмысы «тиімсіз» деп ойлағам. Халықтың арасындағы наразылық қаржы полициясының қимылдарына байланысты өршіп келе жатыр.