ОҚО-да саудагерлер генералдың меншігіндегі базарға көшпейміз деп шу шығарды

Леңгірдегі орталық базардың 70 жылдық тарихы бар. Осы күнге дейін еш төтенше оқиғасыз жұмыс істеп келген екен. Тек бір жарым жыл бұрын Леңгірден жаңа базар салынып, ескісінің басына қара бұлт үйіріліпті. Шенеуніктер тексеру мен ескертуді көбейткен.

Екатерина Алымова, саудагер: 

-Өрт сөндірушілер келіп сымдарың жарамайды деді. Ауыстырдық. Базардағы екі жерден су шығатын болсын деді, оны да жасаттық. Қоқыс жәшіктерін де орнаттық. Осының бәріне әр сатушының қалтасынан 300 мың теңгеден шығарылды.

Ескертулер түзелсе де сот мамырдың 15-інде ескі базар жабылсын деген шешім шығарған. Ал сатушыларға 1 жарым жыл бұрын ғана салынған заманауи жаңа базарға көшу туралы кеңес беріпті.

Тәжібуви Розметқызы, саудагер:

-Бір сұрағанның өзінде 7мың 3мың доллардан сұраған.  Әр орынға. Кім барады ол жаққа?

Ал мына жаңа базарды отставкадағы генерал-майор салыпты. Бейнекамерадан бастап, кондиционерге дейін жасалса да, ішінде не саудагер, не сатып алушы көрінбейді. 1 миллиард теңгеге салынған нысан енді иесін тек шығынға ұшыратып жатыр екен. Енді келіп, жаңа сауда орнының иесі бұл ескі базардың маған жасап отырған қысастығы дейді.

Ақжігіт Исабеков, кәсіпкер:

-Бір миллиардтай теңге ақша жұмсалды. 200 миллиондай теңге қарызбыз. Қазір ай сайын 2 жарым миллион 3 миллионға шығынға түсіп жатырмыз бір жарым жылдай болды. Енді мәслихат, әкімдік  шешім шығармаса мен базар салмас едім. Өздері маған жалынды.

Ал генералға базар ашыңыз деп жалынған әкім-қаралардың айтуынша, ескі базар Леңгірдің сиқын кетіріп тұр. Басшыларын талай рет сауда орталығын замануи үлгіге сай етіп, қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырыпты. Бұдан нәтиже шықпаған соң жаңа сауда орталығын салуға үгіттегеніміз рас дейді.

Мұхтар Өсербаев, Төлеби ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

-Ол генерал болады ма, министр болады ма, біз оның жаңағы жеке-жеке бас мүддесін қорғап жүрген жоқпыз. Бұл жерде біздің аудан әкімдігінің ең басты мақсаты – Республика Конституциясына сәйкес бірінші сол сатушы азаматтардың денсаулығын ойлап отырмыз. Олар өйткені ашық, жел, басынан су сорғалап тұр. Сондай жерде сауда жасап жатыр.

Енді үйренген жерімізден кетпейміз деген ескі базардың екі жүз сатушысы Астанаға хат жолдапты. Олар көне сауда орталығы, талапқа сай болмаса да, орнында қалсын дейді. 

Loading...