Интернат жатақханасында жатып оқып жатқан балалардың күйі осы. Көкжөтел қысып, мұрындары бітеліп берекесі қашқан. Кереуетінде отырып, кітап оқуы үшін де қымтанып алуы керек. Тамақтан гөрі дәріні көбірек ішеді.
Мұхтархан Әбдіғаппар, Абай атындағы мектеп-интернаттың оқушысы:
-Мектептен келген кезде, 3-4 шұлық киіп, қалпақ киіп күртешеге оранып жатамыз, жаурап. Арасында асханадан ыстық шай ішіп келеміз. Оранып отырып әрең сабақ оқимыз.
Жатақхананың даңғарадай әр бөлмесіне бір-бірден мынандай электр жылытқыштары қойылған. Бірақ оның өзі дымқыл етіктерді кептіруден босамайды. Ал жылы су деген атымен жоқ. Жалпы ғимараттың санитарлық жағдайы жаға ұстатарлық.
-Былтыр ғана бұл ғимараттардың бөлмелерін жылытатын электр құралдарына, қол жуғыштарына және су жылыту қазандықтарына миллион теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Қол жуғыштардың хәлі мына күйде. Ал су жылытқыш қазандықтардың қайда екенін ешкім де білмейді.
Директор ғимараттың суық екенін айтып, бірнеше айдан бері білім бөліміне сабылдым дейді. Екі мәрте хат та жазған. Бірақ еш нәтиже жоқ.
Сағатбек Ахметов, Абай атындағы мектеп-интернаттың директоры:
-Тұмау шыға бастады. Оқушылардың арасында да, мұғалімдердің арасында да. Енді 20-30 пайыздайы болмады өткен аптада. Қазір, енді қайтадан келді ғой. Орнында бәрі. Мұғалімдерден қазір 10 пайыздайы емделіп жатыр.
Ал интернат жатақханасына келген білім бөлімінің басшысы қалай жауап берерін білмей әбден састы. Біресе жылу маусымы басында электр пештерін арнайы бөлгіздік десе, біресе бұл туралы мүлдем білгенім жоқ деп шатасты. Айтуынша, мектеп ұжымы жазған шағым оған жетпепті.
Амантай Байтанаев, Арыс қалалық білім бөлімінің басшысы:
- Анықтап жатқанымыз осы 2-3 күн. Ауа температурасы төмендеп жатыр ғой.
- Сіз қашан білдіңіз, сізге қашан түсті шағым?
- Шағым енді бүгін азаннан бастап түсті.
Басшыға сенсек, ғимараттың жылу жүйесіне облыстан 147 миллион теңге бөліп те қойған. Тек, прокурорларды жылыту маусымының басында арнайы комиссияның не қарағаны қызықтырып отыр.
Loading...