Құрмантаев атындағы орта мектеп жанында күдікті сөмкенің жатқанын кішкентай балалар көріп, дереу мұны кітапханашыға айтқан. Ересек әйел оқиға орнына келіп, сөмкені ашып қарағанда, оның ішінде тоқылған шүберекке оралған шақалақ жатқанын байқапты. Сәби сол сәтте аудандық перзентханаға жеткізілген. Оның бойы 52 см, салмағы 4 келіге жуық.
Әзірге нәрестенің жағдайы туралы ешқандай ақпарат жоқ. Дәрігерлер әзірге қандай да бір мәлімет беруден бас тартуда.
"Сағат 4-ке 15 минут қалған еді. Көршілер бала тауып алдық деп шулап жатты. Дереу барып қарадық, сәбидің үсті лай екен, қытай сөмкесіне салынған. Алғашында балалар оны күшік шығар деп ойлапты. Ашып қарағанда жаңа туған бала екенін көрген. Аяқтары көгере бастапты. Уқаладым. Кейін жедел жәрдем келіп алып кетті", - дейді сол ауылдың тұрғыны Гүлмира Серікбаева.
Естеріңізге салайық, 25 ақпан күні Шымкенттегі көшелердің бірінен жаңа туған сәби табылған болатын. Ол қазір ауыр халде ауруханада ем өабылдап жатыр.