ОҚО-да тәртіп сақшысын мылтықпен атқан ұры ұсталды


Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері түн қатып жылқы ұрлап бара жатқан барымташылардың жолын кеспек болған кезде, белгісіз тұлға оларға қарай оқ жаудырып, өзі бой тасалап үлгерген. Сол кезде жедел уәкіл полиция майоры Спандияр Темірбеков оң жамбасынан ауыр жараланып, аудандық аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Осы жағдайға байланысты құзырлы орган өкіліне күш қолданғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары араға апта салып барып күдіктіні қолға түсірді. Ол 1968 жылы туған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Оның бұған дейін де бірнеше рет ұрлық жасағаны үшін істі болғаны анықталды. Күдіктінің үйін тінту кезінде айғақты зат ретінде 16-калибрлі аңшылық шолақ мылтығы тәркіленген. Оған қатысты екі бірдей бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. «Қазіргі таңда жарақат алған полицейдің жағдайы жақсы, үйінде ем қабылдап жатыр», - дейді облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасындағылар.