ОҚО-да тасыған өзен бір табын жылқыны ағызып кетті

Оқыс оқиға Әл-Фараби ауданындағы Текесу ауылында болған. Қазір құтқарушылар арам қатқан жылқылар жағалауға шығарылып, жалпы шығын көлемі есептеуде, деп хабарлайды КТК.

Шелектеп құйған жауын оңтүстіктің тұрғындарын шаш етектен шығынға батырды. Кеше күндіз басталған нөсер жауынның арты бұршаққа ұласып, Текесу ауылының маңындағы өзен суы арнасынан асып кеткен. Соның салдарынан жайылымда жүрген бір үйір жылқы мен ірі қара суға кетті. Яғни найзағайдың жарқылынан шошыған жануарлар жан-жаққа бытырай қашып, су қоймасына құлап кеткен. 

-Інім екеуміз едік қайтара алмадық. Бұршақтан жел қатты болып кетті. 10-15 минутта дала қап қара болып кетті ғой. Ие бола алмадық, дейді жылқышы Бақыт Асамбаев.

Қазір құтқарушылар арам қатқан өлекселерді судан шығарып жатыр. Табиғаттың тосын мінезінен барлығы 17 бас жылқы, екі сыйыр мен ұсақ мал қырылған. Енді оның өтемақысын кімнің төлейтіні белгісіз. Тіпті ауыл тұрғындарымен кездескен атқамінерлер де әзірге мардымды жауап бере алмай отыр. 


-Төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылады. Олар апаттың нақты себебін анықатуы тиіс. Тек содан кейін ғана өтемақы төлеу мәселесін қарастырамыз, деді Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжан.

Аяқ астынан басталған жауын ауылдың да астаң кестеңін шығарған. Яғни дүлей дауыл мен бұршақтан ағаштар құлап, газ құбырлары бүлінді. Сондықтан аудан басшылары қазір шығын көлемін есептеп, арам қатқан ірі-қараның өлекселерін жоюмен айналысып жатыр.