ОҚО-да Тұрар Рысқұловтың 120 жылдығына орай мерекелік шаралар өтеді


Ол Т.Рысқұлов ауылының «Жанкент» шағынауданындағы саябақта Рысқұлов ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталады. 

Шара М.Х.Дулати атындағы аудандық Мәдениет сарайында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасады. Жиын Тұрар Рысқұлов туралы деректі фильмнің көрсетілімімен ашылады. Конференцияны аудан әкімінің орынбасары Өтепбай Маткерімов жүргізеді. Оған Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дархан Қыдырәлі қатысады. Ал тарих ғылымдарының кандидаты, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесі тарихын зерттеу орталығының директоры Ордалы Қоңыратбаев «Тұрар Рысқұлов - түркі дүниесінің ұлы қайраткері» баяндамасын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тұрартанушы ғалым Мұхтар Қазбек «Тұрар туралы тың деректер мен құжаттар» баяндамасын оқиды. Ал тарих ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы ОҚМУ доценті, ғылыми зерттеу орталығының директоры Ғаппар Маймақов «Т.Рысқұловтың қайраткерлік қырлары» баяндамасымен шығады.

Ал Кемербастау ауылдық округіндегі М.Жәрімбетов ауылында қазақтың көрнекті перзенті Т.Рысқұловтың бюстін орнатуға арналған ескерткіштің қазығы қағылып, 120 түп емен ағашы егіледі. Іс-шара Жаскешу ауылдық округінде Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасымен жалғасын таппақ.

Мерекелік шаралар кезінде ұлттық спорты ойындары: бәйге (тай жарыс), аударыспақ, көкпар ойнатылады, деп хабарлайды kaztrk.kz.