Жұмысшылардың шағымына келген түсіру тобымызды да күзетішлер өндіріске жақындатпады. Сыртқа 50 жұмысшы ғана шықты. Жиналғандардың шағымын естісең жағаңды ұстайсың. Ай сайын 15 күн бойы үй көрмей, желдің өтінде ауыр жұмыстан діңкелеп жүрген азаматтарға басшылығы түрлі сылтау айтып, 3 айдан бері жалақы төлемей келеді екен.
Лутфулла Қауымбаев, жұмысшы:
- 3 айдан бері айлық алмаймыз. Қиын. Енді біреуден қарыз алып, ол да бастан асып кетті . Мектепке де балаларды жібере алмадық. Киімін алу керек дегендей.
Мәселен, 11 баласы бар Өмірхан Тәжібаевтың айлығы 80 мыңнан аспайды. Қарызы болса жүз мыңнан асып кеткен. Вахталық жұмыстан соң да басқа жерге жалданып жұмыс істеуге мәжбүр. Балалары туралы айтқанда көзінен жас шықанын білдіргісі келмей, төмен қарай береді.
Өмірхан Тәжібаев, жұмысшы:
- Осы жерден жұмыстан шығамыз. Көрінгеннің арбасын айдап, әйтеуір бірнәрсе қылып күнелтеміз ғой. 5 бала-шағам мектепке барады, 5-уі бара алмайды. Үйде керек десеңіз, жейтін нан да жоқ.
Әр жұмысшы 15 күн бойы тәулігіне 12 сағат жұмыс істейді. Оған ураннан келер зиянды қосыңыз. Жалақы болса басшылық бекіткен жоспарға байланысты. Ал төленбейтін жалақыдан зейнетақыға деп те пайыздары ұсталады екен. Тек ол қаржы қорға аударылмапты. Тағы бір қызығы, компанияның қауіпсіздік техникасы туралы куәлікті жұмысшылар 10 мыңнан сатып алған. Униформа да өз есебінен. Бірақ компания басшылығы мұның бәрін жоққа шығарды.
Георгий Бурнин, «Мехколонна 49» ЖШС бөлім бастығы:
- Бізде қазір уақытша қиындықтар туындап отыр. Жақын арада жалақыны береміз. Зейнетақы шоттарына аударылмай қалған сома да түседі. Уәде береміз. Тек сабыр сақтаңыздар.
Жұмысшылардың айтуынша, тілшілермен сұқбаттасқандар жұмыстан шығарылады деген әңгіме болған екен басшылық тарапынан. Бірақ қорқа қорқа батыр болған олар енді ешнәрседен тайынбайтын болып шешті. Егер жалақы жақын күндері берілмесе наразылықты облыстық әкімдік алдында жалғастырмақ.