ОҚО-да жұрт базардың жабылуын талап етіп шу шығарды

Асықата кентінің елді-мекенге емес, тұтастай бір базарға айналып кеткеніне 4-5 жылдың көлемі болды. Мақта алқаптарына су жеткізуі тиіс арықтың үстіне жағалай орналасқан дүңгіршектер, қалай болса, солай қойыла салған. Ал астында жатқан арықтың күлімсі иісінен басың айналады.

Білгендерін істеп жатыр. Тазалық жоқ.

Даңғыл жолдың бей-берекет базарға айналып кеткеніне ашынған жұрттың шағымына құлақ түретін билік болмай тұр. Тұрғындардың аманатын арқалаған ақсақалдар бүгін тағы келді. Бірақ осы жерде сауда жасап, нан тауып жүргендер отырған орны үшін салық төлейтінін айтып, бет бақтырмады.

Арайгүл Жанпейісова,  сатушы:

-Үкіметке төлеп жатырмыз ғой неше жылдан бері қарай.Күніне 150-200 төлейміз.Үш ай сайын төлеймін, басымды ауыртпаңдаршы.

Бұларға осы арықтың қожайыны рұқсат беріпті. Яғни Асықата кентінің су торабына жауапты «Дария су» мекемесі. Бұл туралы жергілікті әкімдік, СЭС пен прокуратураға дейін шағым жазылғанымен, мекеме басшысы Ермахан Үсіпбеков жеке кәсіпкерге тиісіп жатыр деп жоғарыға арызданады екен.


Бақыт Серіков, Асықата кентінің әкімі:

-Ол туралы жеке кәсіпкер жаңағы «Дария су» ЖШС-нің басшысы облыстық қаржы  полициясына жазды.  Президент әкімшілігіне жазды.  Сол мәселелермен қазір жұмыстар жүргізіп жатыр.

-Дария су мекемесінің басшысымен сөйлесу мүмкін болмады. Жеке кәсіпкер атын жамылған Үсіпбеков Елбасының жеке кәсіпкерлерді тексеруді азайтыңдар деген жарлығын өзгеше қабылдаса керек. Ретсіз сауда орындарын көбейтіп, заңсыз деп тапқан шенділерді сол жарлықпен қорқытады екен. Енді көшелерді тәртіпке келтіру үшін тек Республикалық құзырлы органдардың ғана тексерісі көмектесе алады.