Оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда мектеп құралдарының құны қымбаттап кетті

Жанар ұлын ертіп таңертеңнен киім қарап жүр. Жай киім емес, мектеп формасы. Биыл тұңғышы бірінші рет мектеп табалдырығын аттамақ. Алайда, балалы ананың мерекелік көңіл-күйі оқу құралдарының бағасын көргенде су сепкендей басылды.    

Ал күнделік – 1 700, түрлі-түсті қарындаш – 1500, дәптерлер болса 350 теңгеден. Өшіргіш, ұштағыш секілді ұсақ-түйектерді есепке алмағанда, бір балаға 20 мың теңгеден көп қаражат жұмсалғалы тұр. Жанар ақшасын үнемдеуге қанша тырысқанымен, бүгін ол бір айлық жалақысын шығындамақ.       

Жанар Жансейіт, Алматы қаласының тұрғыны:

- Қаламсабы, аяқ киімі, қол сөмксі бар барлығына бір орташа бағамен 60-70 мың кететін сияқты.

Жайма-жәрмеңкелер көпшілік бағасын қолайлы көріп баратын жер. Десе де, баға мұнда да шарықтап тұр. Мектеп формасы мұнда 15 мыңнан басталады. Ал дүкендердегі баға тіпті, еселене түскен.  

Сәуле Сатыбалдина, Алматы қаласының тұрғыны:

- Бағалар өскен. Жалақысы аз ата-аналар үшін, әрине, бұл ауырлық етеді. Мәселен, біз мектеп формасын 30 мың теңгеге сатып алдық. Ал балалардың аяқ киімі 15 мың теңгеден сатылуда.


Баян Әбеуова, сатушы:

- Қазіргі бағалар, былтырғымен салыстырғанда өсіп кетті. Бағалар қымбат, қаламсаптар бәріне  баға қосылған. Былтырғыға қарағанда өте қымбат 30 пайызға өскен деуге болады.

Мұндай қымбатшылықты алып-сатарлар сұраныстың көбеюімен түсіндіріп отыр. Жылда айдың осы маусымында оқу құралдарына қосымша құн қосылады. Мәселен, мына бір сөмкелер осыдан бірнеше ай бұрын 15 мың теңге тұрған. Ал қазіргі бағасы 35 мың теңге.

Дәптер, қаламсап, өшіргіш, бұл сөмкеде қажеттінің бәрі бар. Бәрінің бағасын қосқанда 75 мың теңге. Әрине, мұны әрбір екінші ата-ананың қалтасы көтере бермейтіні анық. Дегенмен, мектеп құралдарын алып-сатарлар қыркүйек айының ортасына қарай, қазір бас бермей тұрған бағалар бәсеңсейді деп отыр. Әрі қарайғы таңдау өзіңізде.