Оқушылар арасында халықаралық гроссмейстер Д. Сәдуақасов кубогына арналған VI Республикалық шахмат турнирі басталады

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар аясында, дарынды балаларды анықтау мен жас шахматшыларды дайындау және мектеп оқушылары арасында шахмат ойынын жоғары деңгейде насихаттау мақсатымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов Кубогіне VІ Республикалық шахматтық турнир өткізеді.

Турнир Қазақстан Республикасының шахмат Федерациясының, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясы стипендиаттарының Қауымдастығының, Алматы қаласының шахматшылар одағының және Гроссмейстерлер мектебінің қолдауымен өтеді.

Мектеп оқушылары арасында Шахмат турниріне еліміздің барлық аймақтарынан 170-тен астам жас шахматшылар мен Ресей Федерациясының Сатка қаласындағы Челябі облысының «Вертикаль» шахмат клубы қатысады. Командалар жас ерекшелігіне қарай үш топта өз қатысушыларын ұсынады. Олар: 9 жасқа дейінгілер, 13 жасқа дейінгілер және 17 жасқа дейінгі қатысушылар. Турнир швейцарлық жүйе бойынша 9 турда өтеді. Төрешілер алқасы әр жастағы топтың ер балалар мен қыз балаларының арасында жекелей есепте жеңімпаздарды анықтайды. Сонымен қатар команданың барлық қатысушыларының жинаған ұпай сандарының жалпы есебі бойынша ең үздік шахматшылар командасын анықтайды. Шахмат турнирі барысында 5 қарашада Халықаралық гроссмейстерлер Д.Сәдуақасов және Р. Хуснудинов турнирдің қатысушыларымен бір уақытта қатарынан шахмат ойыны сеансын өткізеді. Сонымен қатар турнирге қатысушыларға арнайы мәдени-танымдық бағдарлама ұсынылады. Турнир 8 қарашаға дейін жалғаспақ.