Қас қарайғанда қанға бөккен қайғылы жол апатының сызбасы бұл. Алматы-Өскемен тас жолының 81 шақырымы. Оқушылар лық толы микроавтобус жөндеу жасалып жатқан жерді айналып өтіп өз жолағына шығады. Алайда артындағы жүк тиеген темір тұлпар тура тартыпты қарсы бағытпен. Арнайы белгінің түбінен кері айналмақ болған жолаушылар автобусын бүйірден соғап сұлатқан.
Қапшағайдың қапталын қанға бөктірген қайғылы жол апаты дәл осы жерде осыдан санаулы сағат бұрын қас қарая орын алған. Қазір қос темір тұлпарды да апат орнынан айып тұрағына алып кеткен. Бұл жерде автокөліктің бөлшектері мен пияздың қалдықтары шашылып жатыр. Алдын-ала мәлімет бойынша дәл осы пияз тола тиелген көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, қайғылы жол апатына себепкер болған. Бұдан бөлек тас жолда қан іздері сайрап жатыр және спорттық алқаларды да табуға болады. Оқушылар грек рим күресінен сайыстан қайтып келе жатқан.
Тас жолда жеткіншектердің киімдері, бос құтылар, қанды сүлгілер мен төгілген қаннан аяқ алып жүру мүмкін емес. Түн ортасы ауғанымен, ауруханадан да адам арылмады. Жалпы саны 26 адам зардап шеккен. 15 жастағы жеткіншек пен апатқа айыпты көліктің жолаушысы көз жұмса, қалғандары ауруханаға жеткізілді.
Қайрат Иманғалиев, Қапшағай қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
-25 адам әкелген осы апаттан. 2 мерт болды. 7 адам осы жерге жатқызылды. 2 адам қазір үлкен адамдар жан сақтау бөлімінде жатыр. 5-еуі біздің хирургия бөлімінде жатыр. Олар балалар. 16-сы амбулаторный емделуге жіберілді.
Зардап шеккен негізінен Бақанастағы спорт мектебінің оқушылары. Олар облыста грек-рим күресінен өткен сайыстан жүлделі келе жатқан. Арада бір тәулік өтсе де аяқ асты ажал құша жаздаған балғындар әлі үрейлі.
- Қай жерінен есіңде сенің? Талдықорғаннан шыққаның есіңде ме?
– Иә.
Райхан Нұрланова, жәбірленушінің әжесі:
- Балам жетінші сыныпта оқиды. Ертең баламның туған күні, 13 жасқа толады. Талдықорғанға мектеп атынан кеткен жарысқа, енді осындай болып тұр. Жазым болған шығар, қайтеміз енді.
Айып тұрағына айдалған айыпты «Форд» пен оқушылар қатынаған Мерседестің көрер жері жоқ, тас-талқан. Ал ауруханада жатқан апатқа айыпты көліктің жүргізушісі басын арашалап, өзін марқұм болған жолаушы ретінде таныстырып бақты. Істің ақ-қарасын қазір полиция анықтап жатыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы облыстық ІІД өкілі:
- Балалар бар автокөліктерді, тиісті жерге жеткізу жол полициясының тәжірибесінде бар әрекет. Бірақ бұл шара бойынша ешқандай білім басқармасынан, мектеп ұжымынан ешқандай ұсыныстар түскен жоқ. Ешқандай хаттар жазылған жоқ. Алдын-ала мәлімет бойынша, бұл автокөлік жүргізушісі де өз танысының бұйымтайын орындамақ болып жеке түрде сапарға шыққан болатын.
Шенділердің шекесіне тисе осы жайт, дәтке қуат болар еді. Өйткені осындай апат былтыр Өскемен-Семей тас жолында болған. “Локоматив” хоккей командасын кезекті сайысқа арнайы мемлекеттік автокөлікпен емес, ата-аналары жеке темір тұлпарларымен жеткізбек болған. Артынша апат болып, екі жас спортшы қаза тапты.