Оқытушылар мен дәрігерлердің жалақысын арттыру үшін қосымша 60 млрд. теңге қажет - экономика министрлігі

Министрдің айтуынша, 2005-жылдың 1-шілдесінен бастап 3 мың теңге көлемінде базалық зейнетақы белгілеу үшін биылғы жылдың бюджетінде 30 млрд. теңге қарастыру қажет. Елбасының жолдауында жария етілген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін шағын кәсіпкерлікті дамыту қорының жарғылық қорын ұлғайтуға тағы да 10 млрд. теңге бөлу керек. Сондай-ақ жоғары және орта білім ошақтары студенттерінің шәкіртақысын екі есеге жуық арттыру үшін шамамен 2 млрд. теңге қажет. Сонымен бірге шетелдерге оқуға жіберілетін қазақстандық студенттер санын арттыруға қажетті қаржыны бюджетте қарастыру талабы туындап отыр. "Қазір бұл сан нақтылану үстінде",- деді Қ.Келімбетов.

Жалпы алғанда, министрдің айтуынша, "алдын-ала бағаға сәйкес, тек әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру үшін биылғы жылдың бюджетінде 100 млрд. теңге қарастыру қажет". Қ.Келімбетов республикалық бюджеттік комиссия қосымша бір мәрте төлемдерді ескере отырып, биылғы жылдың бюджетіндегі макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтыланған нұсқасын 18-наурызда талқылайтынын хабарлады.