Бұл – Жайық жағасындағы әсем қала – Оралдың жазғы көрінісі. Құдды шаһар халқы тек қауын мен қарбызды тамақ ететіндей әсер қалдырады. Мәселен, орталықтағы мына бір көшеде жеміс саудасы таңғы 6-да басталады екен.
Ал күн ұзаққа созылған сауда соңы мынадай көрініске айналады. Әр бұрыш, әр қиылыста иістенген жемістің қалдығы көп. Жағымсыз жәйт бәрінен де орталық тұрғындарының мазасын қашыруда.
Елена Розенберг, Орал қаласының тұрғыны:
- Қараңыздаршы, барлығы аяқтың астына тапталып жерде жатыр. Шыбын-шіркей де қаптаған. Ауру-сырқау осыдан шығады ғой.
Алқала билігі қарап отырған біз жоқ дейді. Қолдарынан келгенше жабайы сауданы орталықтан аластуға әрекеттеніп жатыр екен. Тіпті маусымдық жеміс сатылымы үшін жеке орын да қарастырыпты. Бірақ кәсіпкерлердің адам қарасы көп жерден кеткісі жоқ.
Назым Күненов,сатушы:
- Қайда барамыз. Беріп жатқан жерлерінен сауда өтпейді. Сондықтан осы жерден ешқайда бармаймын.
Осылай деген сатушылар әкімшілік ұсынған бөлек орынның ақысы да қымбаттағанын тартып отыр. Бірақ қала тазалығын сақтау үшін әкімдіктегілер күресті еселей түспек. Қажет болса, тіпті жәрмеңке де ұйымдастыруға дайын. Ал оған барғысы келмейтіндерге мүлдем тыйым салмақ.
Ерлан Бақтияр, Орал қалалық Кәсіпкерлер одағы төрағасының орынбасары:
- Мұнда сауда жасап жүргендердің дені делдалдар, алыпсатарлар. Сондықтан заңсыз, салық төлемеу үшін осындай әркетке барып жүр. Бұдан қала былғанып жатыр. Сондықтан біз жеке жәрмеңке ұйымдастырып, онда тек диқандарға өнімін сатуға жағдай жасамақпыз.
Бірақ бұл шешімге бір де бір сатушының көнгісі жоқ. Сондықтан қауын сату маусымы аяқталғанға дейін, қуса да, орнымыздан кетпейміз дейді.