Кезінде Көлеңке Ғұбашевтің басшылығымен Орал қаласына алынып, «Грация» командасында ойнаған 1989 жылғы Сананың шеберлігі жыл сайын өсе түскен болатын. Ол тіпті Бейжің олимпиадасы қарсаңында Қазақстан құрамасы сапына алынып, тек соңғы сәттерде ғана елде қалдырылған болатын.
Жапонияда өткен биылғы әлем чемпионатына да қатысқан Сана Жарлығасова, енді, міне, командаластарымен бірге өз өміріндегі үлкен табысқа жетіп отыр. Әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы барлық қарсыластарынан жеңіліс тапса, соның есесін Азия ойындарында қайырды. Турнир барысында қазақстандық қыздар осы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Жапония құрамасын да ұтты. Қола жүлде үшін бәсекеде Солтүстік Кореяны 3:0 есебімен тізе бүктірген Қазақстан құрамасы Азия ойындарында мұндай жетістікке тұңғыш рет қол жеткізді. Соның ішінде қазақ қызы Сана Жарлығасованың да болуы - мақтаныш.