Бұған Ойыл ауданында Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар шеңберінде «Нива» автокөлігін сүйреуден әйелдер арасында өткізілген сайыс нақты дәлел бола алады, деп жазды egemen.kz
Бұл жеңіл автокөліктер санатына кіргенімен, салмағы әжептәуір екені екінің біріне белгілі. Соған қарамастан аталған айрықша бәсеке кезінде оған қатысқан әйелдер ер-азаматтардың бойынан табыла бермейтін күш-жігер көрсеткені көпшіліктің ерекше қызығушылығы мен ықыласын туғызды. Атап айтқанда Мадина Нұрмағамбетова, Нұржанат Қаумешова және Гүлбақыт Жұмағазина сынды әйел-аналар «Ниваны» он метр жерге дейін сүйреп жеткізді. Міне, күш-қайрат қайда деп үлкенді-кішінің бәрі бұған сүйіспеншілік танытып тұрған кезде «Ниваны» сүйреу кезегі зейнет жасындағы көп балалы ана, Ақшатау ауылының тұрғыны Қанзибаш Нұрғазинаға келді. Ол бірден автокөлікті бейне бір қол шанадай зырылдатып алға қарай сүйреп ала жөнелді. 57 жастағы күш-қайраты мен ерік-жігері мол егде әйелдің бұл іс-әрекеті жұрттың бәрін таңғалдырды. Бұл «Нива» көлігін сүйреуден сайысқа түскен әйелдер арасындағы қайталанбас ең жоғары көрсеткіш деп бағаланды. Мұны Гиннестің рекордтар кітабына жазу керек деп тарқасты нағыз нар қызға тән өнер көрсеткен жасы ұлғайған ананың шалт қимылына риза болғандар.
Оқи отырыңыз: