Оралда алғаш рет Махамбет күйлерін орындаудан байқау ұйымдастырылады

Шараны ұйымдастырушы «Исатай-Махамбет» қоғамдық қорының директоры Темірхан Елеубаевтың айтуынша, белгілі күйші-композитор, Қазақстанның халық әртісі Тұяқберді Шәмелов бастаған қазылар алқасы төрелік ететін сайысқа көршілес Атырау облысынан да үміткерлер қатыспақшы. Сондай-ақ Ақтөбе облысына хабар жіберілді.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Оның алғашқысында қатысушылар Махамбеттің «Қайран Нарын», «Өкініш», «Жайық асу», ал қорытынды айналымда «Шілтерлі терезе», «Жауға шапқан», «Жұмыр қылыш» күйлерін орындайды.

Шараға Атыраудан Нариман Үлкенбаев, Оралдан Өтеген Жұмашев, Едіге Нәбиев сынды домбырашылар құрметті қонақ ретінде шақырылып отыр.